Алматы облысында үш адамға оқ жаудырып, бір адамды өлтірген күдікті 1,5 жылға сотталды
Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында үш адамға оқ жаудырған ер адам 1,5 жылға сотталды. Қылмыстық іс Қаскелең сотында қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2022 жылдың 4 тамызында болған. Оқ жарақатын алған бір адам ауруханада көз жұмған. Даулы іс жайлы адвокат Джохар Утебеков мәлімдеді. Заңгердің айтуынша, оған қаза тапқан Дидардың ата-анасы Талғат пен Оксана жүгініпті.
"Калашников автоматынан, тал түсте, қала орталығында. Топ болып қарусыз адамға оқ атқан. Дидардың тағы екі досы жарақат алды, 90-жылдар секілді", – деді Утебеков.
Адвокаттың пайымдауынша, прокурор күдіктіге 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрапты. Бірақ судья Бейімбетов оны 1,5 жылға соттаған.
"Дидарды атып өлтірген адамға 1,5 жыл тағайындады. Бейімбетов күдіктінің шалынып қалып, Дидарға абайсызда оқ атқанын айтқан! Бұзақы қала ішінде автоматпен жүрген. Осы кезінде шалынып қалыпты, байқұс", – деп наразылығын білдірді адвокат.
Утебековтің командасы Бейімбетов жіберген өрескел қателіктерді анықтапты. Енді жазаға қатысты шағым түсірмек. Аппеляциялық сот Қонаев қаласында қаралады.