Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанұясына арнап заң шығарған: Алматыда бүтін бір әулет “Отбасы Конституциясын” ұстанады

Алматылық Бақыт Айдарұлы – алты баланың әкесі, 21 немеренің атасы. Осыдан 45 жыл бұрын отбасын құрған ол, бұл маңызды іске жауапкершілікпен қарап, жанұясына арнап жазбаша заң енгізген.  Кішкенебаевтардың отағасы өзі құрған ережелерді отбасы мүшелеренің қарым-қатынасын нығайта түседі, бала тәрбиесіне әсер етеді деп есептеген. Айрандай ұйып отырған әулет 20 тармақтан тұратын “Отбасы Конституциясына” сүйеніп, өмір сүріп келеді. Бір отбасыға арналып, бүкіл әулиетке тараған заң қалай пайда болғаны, қайтіп жүзеге асатыны әрі атадан балаға қалатын мұраға қалай айналғаны жайлы Бақыт Айдарұлының өзінен сұраған едік. 

Кішкенебаевтар әулеті

70 жастағы Бақыт Кішкенебаев – Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылының тумасы. Бақытжан Битмановамен отау құрғандарына 45 жыл болған. Айтуынша, екеуі бір сыныпта оқып, бір ауылда өскен. Олар алты ұлды тәрбиелеп, бүгінде 21 баланың ата-әжесі болып отыр.

Кішкенебаевтардың отағасы мен отанасы

Бақыт Кішкенебаев 17 жылдай инженер болып, кейін ұстаздық қызметті де атқарған. Қоғамдық жұмыстарға етене араласып, ауылда 60 адамдық оркестр құрған.

Алты баланың әкесі “Отбасы Конституциясын” құруға не әсер еткенін және оның маңыздылығын айтып берді. 

“Ұлдарым өсіп келе жатқандықтан, олардың болашағына алаңдадым. Жаман жолға түсіп кетпесін деп тіледім. Отбасымызды сақтап тұратын негіз болу керек екенін түсініп, осылайша 2001 жылы ереже жазып шықтым. Содан соң отбасы мүшелеріне таныстырып, бәріне қол қойдыртып алдым. Үйге жаңа түскен келіндердің де қолын қойғыздым. Екі-үш жылдан кейін бұл өз пайдасын әкеліп, әрқайсысымыздың жақсы жаққа өзгеруімізге себепші болды”, – дейді ол.

Конституция 20 тармақтан тұрады. Олар үйдегі тәртіп, отбасылық мәселелер мен ережелерге, тіпті жалпы әдеттерге де бағытталған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, бәріне сыйластық таныту – отбасының басты қағидасы. 

“Ережемізде жазылған қағиданың бірі – қандай жағдай болмасын, ашық сөйлесу, өкпе-ренішті іште сақтамау. Содан кейін үйдің сырын ешкімге айтпау маңызды. Әрі ешкім ешкімге өктемдік жасамауы қажет”, – деді әке.

Ал жеке әдеттерге байланысты темекі мен ішімдікке жоламау, ішімдік қойылатын орындарға бармау, телефонға ұзақ уақыт телмірмеу, жарықты түнгі 23:00-ден кейін сөндіріп, ерте ұйықтау және басқа жаққа сапарға шыққанда құжаттарға мұқият болу сынды тәртіптері бар. 

“Жылына бір рет “Отбасы Конституциямыз” бойынша жиналыс өтіп, есеп береміз. Әрқайсысы әр тармақ бойынша өзін 1 мен 5 аралығында бағалайды. Осылайша олардың 100-ден неше алғанын саралап, есептейміз. 80 мен 90 аралығында ұпай жинаса, “керемет”, одан көп ұпай алса, “үлгілі” деген сияқты өзінің сипаттамалары бар. Бірақ төмен алғандарды тілдеп, жазаламаймын. Енді қай бағытқа өзгеретінін, не түсінгенін сұраймын. Әрі қарай өз ұяттары біледі”, – деді Бақыт Кішкенебаев. 

Алты баланың әкесі теледидардан “Мерейлі отбасы” байқауын көріп, үйіндегі ережені дәріптеу үшін өзі де қатысуға ниет білдірген екен. Мұны келіндері де қолдай кетіп, нәтижесінде 2500 отбасының ішінен суырылып шықты. Алматы қаласы бойынша байқауды жеңіп, республика бойынша 19 отбасымен бірге лауреат атанған.

Кішкенебаев әулетінің отағасы ұлдарына қатал болған. Айтуынша, оларды кішкентайынан еңбекке баулып,  бос уақыттарын сарп етпеуді үйреткен. Соның арқасында балалары екі компанияның негізін салып, құрылыс саласын дамытуға үлес қосып жүр. 

Ол алты ұлын үйлендіріп, әрқайсысын бөлек қоныстандырғанын айтты. 

“Жұбайым екеуміз ұлдарымыздан бөлек тұрамыз, бір ұлыммен көршіміз. Себебі әрқайсысы жеке отбасы болып, өздерінше аяққа тұру керек. Жеке отбасы болып, бюджетті ретпен жұмсап үйренгені жөн. Көпшілігі келін әкелгеннен кейін оны үйде отырғызып, тұрмысқа салу керек деп ойлайды. Бірақ мен оған қарсымын. Оған жеке дамуға мүмкіндік берген дұрыс. Қонақ келгенде, бірақ жәрдемдесуге міндетті түрде келеді. Арада сыйластық бар”, – деді ол.

Сөз соңында Бақыт ата әр отбасыға бақыт тілеп, жанұядағы құндылықтарды дәріптеуге шақырды.

Талқылау