Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында өнеркәсіптік нысан толығымен өртке оранды (видео)

Алматы облысы Ащыбұлақ ауылы Первомай өнеркәсіптік аймағындағы цех өртке оранды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Іле ауданының Первомай өнеркәсіптік аймағында металл конструкцияларынан жасалған 3600 шаршы метр аумақта полиэтилендік тауарларды сақтау қоймасы жанған. Оқиға бүгін сағат 6:59-да болған. 

"Өрт орнына ең жақын орналасқан Боралдай кентінің 9-өрт сөндіру бөлімінен арақашықтық - 15 шақырым. Облыс орталығынан арақашықтық - 87 шақырым. Сағат 7:20-да алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде нысан толығымен отқа оранған. Сонымен қатар шақырудың жоғары дәрежесі бойынша жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары шақыру орнына жіберілді. Өрттің үлкен аумаққа таралуының себебі - өрт туралы кеш хабарланған. Қабылданған шаралармен өрт сағат 9:12-де оқшауланды. Жақын маңдағы қоймаға оттың таралуына жол берілмеді. Ең жақын өрт гидранты 1500 метр қашықтықта орналасқан. Өртті сөндіру жалғасуда. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің таралу қаупі жоқ", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ департаменттің хабарлауынша, өрттің мән-жайын білу үшін анықтау бөлімінің және өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Өрттің алдын - ала себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы. 

"Өртті сөндіруге 37 құтқарушы мен 14 техникасы және Алматы қаласы ТЖД 22 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар қысқа тұйықталуды болдырмау үшін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Сәйкес емес оқшауланған ескі сымдарды пайдаланбаңыз, электр жұмыстарын жүргізу кезінде абай болыңыз. Электр нүктелерінің – розеткалар мен ажыратқыштардың жағдайын үнемі қадағалаңыз. Қажет болса, оларды дереу ауыстырыңыз. Зақымдалған электр құрылғыларын пайдаланбаңыз. Осы қарапайым ережелерді орындау қысқа тұйықталу қаупін едәуір азайтады", - делінген хабарламада. 

 

Талқылау