Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында мектепке кеткен қос құрбы жоғалды

Алматы облысында екі бірдей жасөспірім жоғалды. 12 және 14 жасар Талшын Қызырбай мен Ару Бекберді кеше таңертең мектепке кетіп, сол күйі үйіне оралмаған. Қыздарының не тірі, не өлі екенін білмеген ата-аналар өзін қоярға жер таппай отыр. Хабар-ошарсыз кеткендерді полицейлермен қоса бүкіл Алдабергенов ауылының тұрғындары жер-жерден іздеуде. Ал тәртіп сақшылары қос құрбы Алматыда жүрген болуы мүмкін дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

құрбылар

Алдабергенов ауылы кешеден бері абыр-сабыр күйде. Қай үйге барсаң да жоғалған қыздарды сөз етеді. Ұшты-күйлі кеткен Ару мен Талшын көрші тұрады екен. Екеуі арасынан қыл өтпес дос. Олар мектепке күнде бірге барып-қайтып жүрген дейді ата-аналары. Кеше де әдеттегідей таңғы 8 шамасында сабаққа кетіп, үйіне қайтып оралмапты.

"Бізге «балалар мектепке келмеді» деп апайлар хабарласты. Сол арқылы оны сағат тоғыздан бастап іздеп таба алмай жатырмыз", - деді Арудың әкесі Қыдырәлі Бекберді.

Жасөспірімдердің жақындары содан бері сары уайымға салынып жүр. Олар Ару мен Талшынға үйде біреу-міреу ұрысып, ренжіткен емес дейді. Қос құрбы бұрын алыс жолға да шығып көрмепті.

"Қыдырып кететіндей емес. Талдықорғанға да бара алмайды. Үйден шығып көрмеген бала болатын. Енді не боп қалғанын білмеймін", - деді Талшынның анасы Мақпал Жүніс.

Полицейлердің болжамы бойынша, жасөспірімдер Алматыда жүруі мүмкін. Бір айта кетерлігі, Ару мен Талшынның қолында 10 мың теңге шамасындай ақша болған. Қыздарды полиция қызметкерлері кешеден бері аяқтан тік тұрып іздеп жатыр. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар, мектеп мұғалімдері мен еріктілер жұмылдырылған.

"Ауылдағы және сол ауылға жақын орналасқан елді мекендердегі иесіз үйлер, шатырлар мен жертөлелер жіті тексерілуде. Сонымен қатар іздеу жұмыстары Талдықорған мен Алматы сияқты қалаларда да ұйымдастырылды", - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.

Қыздарынан көз жазып қалған көршілер олардың аман-есен оралуын тілеумен отыр. Екеуін көрген-білгендер болса, полицияға хабар беруін сұрайды. Жалпы, Алматы облысында жыл басынан бері осымен 6 жасөспірім жоғалған. Әзірге олардың үшеуі ғана табылыпты.

Талқылау