Алматы облысында құлаған тікұшақ: Үшінші адамның мәйіті табылды
Фото: қорғаныс министрлігі
12 тамызда су асты іздестіру жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесінің денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі табылды. Ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі болды, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат.
11 тамыз іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.
12 тамыз экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат.
Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі.
“Әріптестері марқұмдарды әрдайым көмекке дайын, қайырымды, әрі жанашыр азамат ретінде еске алады.Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғаса бермек. Осыған сәйкес тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігі.
Қорғаныс министрлігі мен қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты, оларға барлық қажет көмек көрсетілетініне уәде берді.
Еске салайық, бұған дейін 25 шілде күні Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кеткені туралы жазған едік. Тікұшақ бортында үш экипаж мүшесі болған. 26 шілде күні жоғалған тікұшақтың бөлігі Сорбұлақ су қоймасының ішінен табылған еді.

"Актер Жан Байжанбаев жарнамалаған": Алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясы 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтты
