Алматы облысында көршілер арасында қойдың құмалағы үшін дау шықты
Алматы облысы Шамалған ауылының тұрғындары көршісінің 250 бас қойының жағымсыз иісі жұртты әбден әбігерге салғанын айтып, шағымданды. Сөздерінше, күндіз есікті, түнде терезіні ашудан қалған. Көршінің кәсібіне кінә артпаймыз, тек маңайдағы ел-жұртпен санассын деген тұрғындар жергілікті билік өкілдері құқықтарын қорғамай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күлімжан Бисариеваның көршісімен дауы 2 ай бұрын басталған. Сөзінше, сол кезде көршісіне "қойларыңды тау басына апарып бақ" деген. Бірақ ер адам көршісінің сөзін құлаққа ілмей, керісінше, мал басын көбейткен. Ал олардан шыққан жағымсыз иіс көрші орналасқан 5-6 үй тұрғындарының әбден берекесін алған. Бұл жағдайда, тіпті, ақсақалдар алқасы да шарасыз.
"Сол қойына 160 қой әкеп қосты. Қазір 220-230 бас қой бар. Ал үйімізде кішкентай бала бар", - деді Шамалған ауылының тұрғыны Күлімжан Бисариева.
7-8 ірі қара мен 250 қойдың басын біріктіріп, бірнеше адам қосылып, мал жинадық деген Ерлан "бары осы, қолынан келгенше амалдап жатқанын" айтты. Басқа мал ұстайтын жері болмаған соң, жем-шөп сақтайтын жерге жақын ұстап жатқанын айтады.
"Ата-бабамыз мал бағып өскен. Ешкім малдың тезегінен ауырып өлді дегенді естіген емеспіз", - деді Шамалған ауылының тұрғыны Ерлан Думшабаев.
Алайда әкім тұрғындардың шағымы дұрыс екенін айтады. Сөзінше, ел ішінде ір қара ұстаудың нормаларын қатаң сақтау керек.
"Әрине, заң бойынша, санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта тек 50-ге жуық қой ұстауға болады. Мәселе оң шешілді деп айтуға болады. Екі апта ішінде бұл кісілер 150 бас қойын басқа жаққа орналастырады", - деді Шамалған ауылының әкімі Ержас Серғазыұлы.
Әкім сөзіне сенген жергілікті тұрғындар 2 апта күтетіндерін айтты. Егер уәде орындалмаса соңына дейін баратындарын мәлімдеді.