Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көлік қағып кеткен 9 жасар қыз бір аяғынан айырылды

Алматы облысында көлік қағып кеткен 9 жасар қыздың аяғын кесуге тура келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде жол апатының бейнежазбасы тарады. Кадрда Lexus жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелін елемей, жолдың қарсы жолағына қалай шығып кеткенін көруге болады. Автокөлік жылдамдықпен жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді қағып өтеді.

Алматы облысының полициясы жол апатына қатысты түсініктеме берді.

"14 шілде күні сағат 09:00 шамасында Қарасай ауданындағы көшелердің бірінде Lexus көлігінің 30 жастағы жүргізушісі 9 жасар жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргіншіні қағып, жол жиегінде тұрған Mercedes көлігімен соқтығысқан", – деді Алматы облыстық ДП басшысы, полиция полковнигі Бауыржан Әленов.

Полиция бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша тергеліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық зерттеуге бағытталған сараптамалар тағайындалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.

Зардап шеккен 9 жасар қыздың туысының айтуынша, қыздың сол қолы мен сол аяғының саусақтары жарақаттанған. 18 шілдедегі жағдай бойынша дәрігерлер қолды аман алып қалды, ал аяғын кесуге тура келді. Қазіргі уақытта қыз Алматыдағы 2-ші қалалық балалар ауруханасында жатыр.

Талқылау