Алматы облысында көкпар ұйымдастырған 5 азамат қамауға алынды
Алматы облысында Райымбек ауылы маңындағы тас жолда көкпар ұйымдастырған бес адам 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Алматы облысының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі "Қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық, балағат сөздер айту" бойынша сотқа жолданған бес адамға қатысты істер қаралды.
Сот осы жылдың 21 қарашасында сағат 21.00 шамасында Алматы-Бішкек республикалық тас жолында Райымбек ауылының тұсында бес азаматтың көкпар өткізіп, сол арқылы өзгелерге құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны анықталды", - делінген сот хабарламасында.
Құқық бұзушылар өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкініп, барлық жәбірленушілерден кешірім сұрап, қатаң жаза қолданбауды өтінді.
"Барлық құқық бұзушылардың кінәсі іс бойынша жинақталған материалдармен дәлелденіп отыр. Сот процеске қатысушылардың түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделей келе, құқық бұзушылар кінәлі деген қорытындыға келді.Сот қаулысымен олар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және олардың әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ",-делінген Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
