Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында қоғамдық бірлестік мүшелері мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жәрдемдесуде

Алматы облысы Талғар қаласындағы "Самға-Н" бірлестігі – қоғамның ерекше қажеттілігі бар мүшелерін қолдауды мақсат еткен ұйымдардың бірі. Құрылғанына бес жыл толған бірлестіктің тыныс-тіршілігі туралы жетекшісі Назгүл Рысбаева Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

2017 жылдың 11-ші сәуірінен бастап жұмыс істеп келе жатқан бірлестіктің бүгінде алпысқа жуық мүшесі бар. Бүгінде ұйым он құрылтайшымен бірлесе жұмыс істейді. 

"Бірлестікті құрудағы басты мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға қажет екенін сезінуіне мүмкіндік сыйлау. "Шынықсаң шымыр боласың" демекші, олардың спорттың белгілі бір саласына бейімделе отырып, өз денсаулықтарын нығайтуға жол ашу. Сонымен қатар бірлестік мүшелерінің спорт саласында тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде бақ сынап, өздерінің жетістіктерімен Қазақстанның атын әлемге танытуына мұрындық болу", – дейді бірлестік жетекшісі Назгүл Рысбаева.

Бірлестік бүгінде Алматы облысындағы мүгедектігі бар азаматтарға дем беріп, олардың өмір сүру сапасын жақсарту жолында тер төгіп келеді. Мәселен, ұйым мүшелері Талғар ауданындағы спорт кешенінде спорттың бірқатар түрлері бойынша жаттығады. Әрқайсысы өзін қызықтыратын спорт түрімен шұғылданып, тыңғылықты дайындалатын спортшылардың бағындырған биіктері де жетерлік.

Таяуда ғана Өзбекстанның Самарқан қаласында армрестлингтен өткен Азия чемпионатында Алматы облысының командасы оза шауып, жүлделі бірінші орынды иеленіпті. Ендігі жерде жүлдегер атанған 28 спортшы Түркияда өтетін халықаралық жарысқа қатыспақ. Қолдың бұлшықеттері мен буындарын күшейтетін, жарақатты спорт түрі саналатын қол күресінен бақ сынасу әлбетте оңай емес. Бұл тұрғыда биіктен көріну үшін тұрақты түрдегі дайындық қажет-ақ. Сондықтан да, бірлестік мүшелері әлем көз тігетін дүбірлі додада биіктен көріну үшін күнделікті маңдай терлерін төгіп, дайындалып жатқан жайы бар. 

Әңгімелесу барысында бірлестік жетекшісінің ұйымның әрбір мүшесінің жағдайына шын алаңдайтынын аңғардық. Мұның өзі ол кісінің ұйымның жетекшісі ғана емес анасындай болып кеткендігін көрсетсе керек. 

"Спорт саласында алға қойған жоспарларымыз жетерлік. Өздеріңіз білетіндей, еліміз бойынша 9-қазан мүгедектер күні. Осынау атаулы мерекеге орай Алматы облысындағы мүгедектігі бар азаматтар арасында Қонаев қаласында спорттық жарыс өткізілмек. Спортшылар мұнда жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, суда жүзу сынды спорт түрлерінен бақ сынамақ. Бірлестік мүшелерінің басым бөлігі осы жарысқа қатысуға ниетті" дейді бірлестік жетекшісі.

Үнемі осындай игі шараларды ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүретін Назгүл Рысбаева еңбегі де елеусіз қалған емес. Аудандық, облыстық, республикалық "Жомарт жүрек" сыйлығының лауреаты атанған ол қай жерде жүрсе де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолынан келген көмегін тигізіп жүреді. Тіпті, аудан жұртшылығының арасында мүгедектігі бар жандардың мәселесін іздеп жүріп дәл осы бірлестікке келіп айтатыны бар. 

"Мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге күні бүгінге дейін көптеген іс-шаралар атқардық. Елімізде тойланатын әрбір мейрам күнін біз ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Мұндайда салтанатты шара ұйымдастырып, мерекелік дастархан жаямыз. Мұндағы мақсат – жарымжан жандардың көңілін бір сергіту", – дейді Назгүл Рысбаева.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауды өзінің азаматтық борышы санайтын жомарт жүрек иесінің бұл бағытта алға қойған жоспарлары да жетерлік екен.  

"Күні бүгінге дейін Алматы облысы Талғар ауданында балаларға арналған оңалту орталығының жоқтығы жиі айтылып келді. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары өздеріне қолдау қажеттігін айтқанда бейжай қарай алмадым. Осы мәселені шешудің жолдарын қарастырып, тиісті орындардың есігін қақтым. Қазіргі таңда 16 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығының жобасы дайын тұр. Жергілікті әкімдіктен рұқсат та алынды. Бұйырса, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылынан оңалту орталығы ашылады деген ойдамын. Қазіргі таңда осы бағытта ғимарат іздестіріп жатқан жайым бар. Өйткені аталмыш аумақта оңалту орталығының қызметіне мұқтаж балалар өте көп. Ондай балалардың ата-аналарына екі есе қиын. Сондықтан да ерекше қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын жақсарту жолында бар күш-жігерімді аямай, жұмыс істей бермекпін", – дейді жанарынан мейірім нұры төгілген бірлестік басшысы.

Жаны жомарт, жайсаң жан өзіне мәселесін айтып, мұңын шаққан мүгедектігі бар әрбір баланың жағдайына атүсті қарамайды. Қолынан келгенінше қол ұшын созып, дұрыс ем алуына жол нұсқайды. "Мейірімділік әлемді құтқарады" десек, осындай мейірімді жандар барда ешбір ана мен баланың жанарында мұң болмасы анық.

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау