Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында қар құрсауында қалған 30 адам құтқарылды

Алматы облысында қар құрсауынан 30 адам құтқарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ағымдағы жылдың 30 қарашасында сағат 02.37-де Алматы облысы ТЖД кезекші байланыс пультіне Ақсу ауданында "Алматы – Өскемен а/ж-Қапал-Аран шипажайы" автожолының 19 шақырымында, Көшкентал ауылынан 10 шақырым жерде жеңіл автокөліктер қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама түскен.

Алматы облысы ТЖД күшімен Урал базасындағы "Шнекоротор" арнайы техникасын қолдану арқылы, автожол учаскесі қар құрсауынан тазартылды, 10 автокөлік өз жүрістерін жалғастырды. Автокөліктер салонында 30 адам болды, оның ішінде 2 бала. Олардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес еді.

Сол күні сағат 09.30-дан бастап Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына, бұрқасын мен нашар көрінуіне байланысты "Алматы – Өскемен а/ж - Қапал-Араан шипажайы" облыстық маңызы бар автожол учаскесінде (0 шақырым мен 45 шақырым арасында) барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Талқылау