Алматы облысында Іле ауданы әкімінің ұсталу себебі белгілі болды
Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталуы туралы тың дерек пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Bagdat Karasaev Facebook-парақшасы
Алматы облыстық прокуратураның хабарлауынша, Іле ауданындағы қоқыс полигонын тексеру кезінде әкім сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді.
"Алматы облыстық прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Іле ауданында орналасқан полигонның қызметін тексерді. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 3 қыркүйекте әкім Қарасаев қамауға алынды”, – деп мәлімдеді Алматы облыстық прокуратурасы.
Оған “кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан” және “мемлекеттік мүдделерге зиян келтіретіндей қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланған" деген айып тағылды.
4 қыркүйекте прокуратура қылмыстық істің материалдарын қарап, бұлтартпау шарасын санкциялауға сотқа жіберді.
Бұған дейін Алматы облысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталғаны туралы айтылған еді.