Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бөтен "Лексус" аз қамтылған отбасының өмірін құртты: Қымбат көліктің кесірінен олар жәрдемақыдан қағылған

Алматы облысында үш балалы аз қамтылған отбасы өздеріне тіркелген қымбат көліктің кесірінен жәрдемақы ала алмай жүр. Сөздерінше, оларда Lexus маркалы көлік болмаған. Мұнымен қоймай жыл сайын жоқ көліктің салығы да өсіп келеді дейді олар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

отбасы

Айгерім Оразова мен күйеуі Айбек Алишев құжат бойынша "бай" адамдар болып саналады екен. 2016 жылдан бері олардың аттарына салығы 400 мың теңгеден асатын қымбат жол талғамайтын көлік тіркеліп тұр.

"2016 жылы несиеге ескі көлік алдық, бағасы 300-400 мың теңге шамасында. Соңғы төлемді жасаған соң сатушы құжаттарды толтыру үшін күйеуімнің жеке куәгілін сұрады. 2017 жылы біздің атымызға Lexus көлігі тіркелгенін және мұның салығын төлеуіміз керек екенін білдік", – дейді Айгерім Оразова. 

Отбасы полиция мен мемлекеттік кірістер департаментіне де шағымданған. Алайда бұл еш нәтиже бермепті. Қазір отбасы тыйым салынғандықтан не көліктерін сата алмайды, не несие де ала алмайды. 

"Ай сайын сот орындаушысы ескерту жібереді, қоңырау шалады. Жалақы түсетін банк картасын бұғаттап тастайды. Өз қызметтері үшін ай сайын 30-40 мың теңге ұстап қалады, қалғанын бізге береді. Халыққа қызмет көрсету орталығына да, нотариусқа да жүгіне алмаймыз. Қазір әлеуметтік жәрдемақыны ала алмай отырмыз", – деді Айгерім.

Отбасыға тіркелген көліктің құны 16-20 миллион теңге аралығында. Ал жылдық салық мөлшері 100 мың теңгеден асады екен. 

Қазір отбасы шағын үйді жалға алып тұрады. Жалақы күнкөріске жетпейді дейді. Отағасы ондаған шақырым жердегі көлде қызмет етеді. Жанармайды үнемдеу үшін үйіне аптасына бір рет келеді екен. Отбасының мәселесін үш жылдан бері заңгер шешуге тырысып жатыр. 

"Айбек Алишевтің атына 2016 жылдан бері заңсыз көлік тіркелгені туралы біз бірнеше рет Алматы облысы полиция департаментіне арыз жаздық. Алайда департамент мүлде шара қабылдамады. Көлікті заңсыз тіркеуге қатысты ешкім қызметтік тексеріс жүргізіген жоқ", – деді заңгер Алим Бөлеков. 

Ал полиция департаменті болған оқиғаға қатысты әлі жауап бермеген. 

Назархан Уән
Дүйсенбі, 11 Шілде, 2022 14:06
Талқылау