Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ауыл мұғалімі ағылшын тілін өз бетінше үйреніп, АҚШ-та магистратураға түскен

Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында математика пәнінің мұғалімі Гүлзия Құрманқан "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Флорида штатына аттанады. Мұнда ол Оңтүстік Флорида университетінде "Математикалық білім" бойынша магистратурада білім алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап. 

Гүлзира Құрманқан

Гүлзияның сөзінше, оқушыларға тек есептің шешімін табуды ғана емес, оңай әрі жылдам шешетін тәсілдерін де үйрету маңызды. Ал мұндай әдістерді оқытуға білім берудегі жаңа әдістеме қажет. 

"Көп адамдар математиканы қиын пән деп ойлайды. Мұндай таптаурын қоғамда қалыптасқан. Шын мәнісінде ғылым барлығы үшін қол жетімді. Бар болғаны бөлшектерді ретімен қойып, кезекпен біріктіру керек, әрі бұл тізбектің себебін де түсіндіру маңызды. Осылайша балаларда талқылау қасиеті жетіліп, логикасы дамиды", – деді Гүлзия Құрманқан. 

Мұғалімнің айтуынша, ауылда дарынды балалар – болашақ математиктер көп. Алайда оларға ағылшын тілін білмегендіктен, халықаралық жарыстарға қатысу қиынға соғады. Гүлзира өз бетінше ағылшын тілін меңгеріп, шетелде магистратураға түскен. Осылайша туған ауылына оралып, балаларға көмектеспекші.

"Ағылшын тілі сабақтарын ғаламтордан алдым. Тілді мүлде білмейтінмін. Сондықтан күніне 5-6 сағат дайындалдым. Тілді жеткілікті деңгейде меңгерген соң, IELTS тапсырып көрдім. 9 ұпайдың 7-ін жинадым. Сосын тез арада Америкада жоғары оқу орнын таңдадым", – деп қосты Гүлзия Құрбанқан. 

Мұғалімнің таңдауы Оңтүстік Флорида университетіне түскен. Осылайша ол білікті профессорлардың оқыту әдістемесін үйренгісі келеді. 

Талқылау