Алматы облысында аудандық әкімдік қызметкерлері парамен ұсталды
Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жаркымбаев пен бас маман Жанболат Жазылбеков пара алды деген күдікпен ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарасай ауданы әкімдігінің ресми сайтынан
Қылмыстық кодекстің 366 бабына сәйкес, пара алды деген күдікпен бір бөлімнің екі бірдей маманына қатысты іс жүргізілуде. Ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растап отыр.
"Сондай-ақ ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету рұқсат етілмеген. Осыған орай, тергеу мүддесіне байланысты қылмыстық іс бойынша басқа ақпарат жария етілмейді", – деп жазылған антикор хабарламасында.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, бұған дейін Қарасай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәрен Жаркетировтың да үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқаны белгілі.
Жаңа заңға сәйкес, шенеуніктердің пара алғаны расталған жағдайда Қарасай ауданы әкімінің екі бірдей орынбасары қызметінен босатылуы тиіс.