Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банк 95 мың теңге жәрдемақы алатын алматылық 7 баланың анасының банкроттығын даулады

Алматы облысында көпбалалы ана несиесін өтеу үшін пәтерін сатқан. Алайда қарызын толық төлей алмай, банкротқа ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: meme-arsenal.com

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел осыдан 17 жыл бұрын, 2007 жылдың жазында банктен несие алып, келісім жасасқан. Несиені ұзақ уақыт бойы төлей алмағандықтан қарыз мөлшері 10, 8 миллион теңгеге жеткен. 

Келіншек қарызын жабу үшін бірнеше рет әрекет жасаған. Сөйтіп 2009 жылдың қараша айында банктің рұқсатымен төрт бөлмелі пәтерін 4,7 миллион теңгеге сатып, одан түскен ақшамен қарызының бір бөлігін жапқан. 

Сондай-ақ ол қарыздың қалған бөлігін өтеу кестесін құрып, мерзімі өткен негізгі қарызды, сыйақыны кешірек төлеу туралы ұсыныстарын жіберген. Алайда бұл шаралар қарызды толық өтеуге мүмкіндік бермеген. 

Осыған байланысты қарыз алушы сотқа өзіне қатысты банкроттық туралы сот рәсімін қолдану туралы арызбен жүгінген.

“Қарыз алушы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. 7 баласы бар, жұмыс істемейді, кредиторлық берешекті өтеуге кіріс көзі немесе мүлкі жоқ. "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы" Заңының 1 және 6-баптарының талаптарына сай, банкроттық туралы сот рәсімін қолдануға негіз бар. Арыз берген кезде борышкердің мүлкі, ақшалай қаражаты және басқа да құндылықтары болмаған. Ай сайын 95 мың теңгеге жуық мемлекеттік жәрдемақы алады. Басқа кіріс көздері анықталмаған, зейнетақы жарналары жоқ.”, – делінген хабарламада.

Сот алқасы банктің шағымын зерделеп, іс материалдарын зерделей келе, бірінші сатыдағы сот көрсетілген талаптарды қанағаттандыру туралы шешімді дұрыс қабылдады деген қорытындыға келді. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовтің компаниясымен байланысты жер телімдері мемлекетке қайтарылған еді.

Талқылау