Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ер кісі 20 жылға жуық уақыт бойы құлдықта жүргенін айтты

Алматы облысында 55 жастағы ер кісі 20 жылға жуық уақыт бойы Чунжа ауылының жанында аңшылық шаруашылықты бақылап, еңбек құлдығында жүргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

55 жастағы ер адамның қиын жағдайға тап болғанын көрші жер учаскесінің иелері айтып берді. Сергей Тимохин атты ер адамның өміріне бейжай қарамаған ауыл тұрғындары полициядан көмек сұрады. Бірақ бас бостандығын армандаған ер кісі аңшылық шаруашылықтағы құлдығынан шыға алмады. 

Сергей Тимохин Қазақстанға Ресейден 19 жыл бұрын кеңестік төлқұжатымен келген. Жұмыс берушілер алып кеткен соң, сол уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін ол тамақ пен киім үшін еңбектеніп жүр. 

Ресейде оның әпкесі және бір қызы тұрады. Тимохин жанұясымен кездескісі келеді. Бірақ оған аңшылық шаруашылықтан бір километрге алыстауға тыйым салынған. Айтуы бойынша, қателік жіберсе, жазаланады. 

"Өзім кінәлімін, кейде ұрады. Адамдар басымның жарылғанын, денемнің көгергенін көреді. Жоқ, мен кінәлімін. Көліктерді, джипті өткізіп жіберемін. Келеді де, көліктерді өткізіп алмауымды сұрайды", — дейді Тимохин.

Ер кісі өмір сүріп жатқан үйдің иесі Тимохиннің сөздерін, барлық айыптарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол кезінде үйсіз жүрген адамға көмектескісі келген. Ақшаға арақ алып ішер деп жалақы төлемеген. "Ол жерде жұмыс істемейді, тұрады. Азық-түліктері, киімі, темекісі бар. Біз айына екі рет келеміз. Керек нәрсенің барлығын өзімізбен ала келеміз. Ол жақсы өмір сүреді, тәуелсіз. Қазір-ақ кетіп қалса болады, біз оны ұстамаймыз", — деді үй иесі. 

Әйтсе де, Сергей Тимохиннің оқиғасы тәртіп сақшыларының қызығушылығын тудырды. Жақын арада полиция ер адамның наразылығы қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтайды. Құжаттарын жасауға көмектеседі. 

"Факт бойынша областық департаменті іс бастады. Департамен жетекшісінің жеке бақылауында. Жақын арада сәйкесінше көмек көрсетіледі және шаралар қолданылады. Егер тексеруге құлдық фактілері кірсе, кінәлі адамдар сәйкесінше жауапқа тартылады", — деді Алматы облысындағы ПД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет. 

Сергей Тимохиннің өзі құжаттарын алып, туысқандармен кездесуге үміттенеді. 
 

Талқылау