Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысына екі жаңа су қоймасы салынбақ

Алматы облысында барлығы 263,8 мың гектар суармалы егістік бар. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс аумағында 310 гидротехникалық құрылым орналасқан – 72 су қоймасы, 112 тоған, 13 бөгендер мен бөгеттер, 14 су алу тораптары, 99 магистральды каналдар. 

“Суару желілері мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялаусыз және күрделі жөндеусіз ұзақ уақыт пайдаланғандықтан тозығы жетіп, тасымалдау кезінде судың шығыны артып,  суармалы жерлер толығымен игерілмейді. Бұл мәселені шешу үшін облыста 8 аудан мен Қонаев қаласында айналымнан шығып қалған 54,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін суару желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Суару желілерін реконструкциялау бойынша 9 жобаны әзірлеуге облыстық бюджеттен барлығы 1,75 млрд. теңге бөлініп, жұмыс жобалары әзірленген. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны –  88,2 млрд.теңге”, – дейді басқармадан. 

Сондай-ақ 2022 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 3 жобаны (Райымбек ауданының, Кеген ауданының суару желілері, Қонаев қаласының №5 сорғы станциясының суару желілері) қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Бұл жобалардың жалпы құны 18,8 миллиард теңгені құрайды. 

“Сондай-ақ Жамбыл, Іле, Талғар аудандарының суару желілерін реконструкциялауға 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жобаларын қаржыландыруға 39 130,27 миллион теңге сомасына бюджеттік өтінім берілді. Осы жылы 3 миллиард теңге бөлінді. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде Талғар, Іле және Жамбыл аудандарында 21,8 мың гектар пайдаланылмайтын суармалы жерлер айналымға енгізілетін болады”, – делінген хабарламада. 

Бұдан басқа, облыста 2 жаңа су қоймаларын салу, жаңа ирригациялық желілер салу, сорғы станциялары мен су ұңғымаларын орнату есебінен 24,7 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу жоспарлануда.

Басқарма мәліметінше, перспективалы жаңа суармалы жерлердің ауданын іске қосу үшін 5 аудан және 1 қала бөлінісінде: Балқаш ауданы-2500 га, Кеген ауданы – 3000 га, Райымбек ауданы – 5850 га, Ұйғыр ауданы – 2700 га, Іле ауданы-5700 га, Қонаев қаласы-5000 га анықталды. Ол үшін облыста қосымша жер үсті су ресурстарын жинақтау мақсатында Ұйғыр ауданынан 2 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. 

Облыстық бюджеттен Ұйғыр ауданының Сұңқар өзенінде (20,91 млн.тг) және Тиірмен өзенінде (20,79 млн.тг) су қоймаларын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге 41,7 млн. теңге бөлінді. Техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленді, мемлекеттік және экономикалық сараптаманың қорытындылары алынды. 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 2,0 млн. теңгеге жобалау жұмыстары басталды (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 169,1 млн. теңге қажет).

Жыл сайын жергілікті бюджет қаражаты есебінен апатты су шаруашылығы объектілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.  Ағымдағы жылы Ұйғыр ауданының "Гомба" магистральдық каналын күрделі жөндеуге – 332,6 млн.теңге және Райымбек ауданының "Казачий-1,2,3" магистральдық каналын 500 миллион теңге бөлінді.

Талқылау