Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы әкімдігі вирусқа қарсы препараттарға 50 млн теңге бөлді: Дәрілерді кім және қалай алады

 Алматы облысы әкімдігі 50 миллион теңгеге вирусқа қарсы препараттарды сатып алуды жоспарлап отыр деп хабарланған еді. Олар қауіпті ауру тобына жататын адамдарға тегін беріледі делінді. Stan.kz тілшісі Денсаулық сақтау басқармасынан осы сомаға нақты қандай дәрілер алынатынын және олар қандай категориядағы азаматтарға таратылатынын анықтады. 

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қыркүйек айында 50 миллион теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алу жоспарланып отыр.

Олардың қатарында амизон, тамифлю, эргоферон және т.б препараттар бар.

Дәрі-дәрмектер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

"Пандемия кезінде тіркеуде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар дәрі-дәрмектермен қамтылады. Вирусқа қарсы препараттарды тұрғындар (жас мөлшері көрсетілген дәрі қорабындағы нұсқаулық бойынша) тіркелген емханадан алуына болады", - дейді Денсаулық сақтау басқармасында.

Басқармада хабарлағандай, қазіргі уақытта өңірдегі медициналық мекемелердің инфекциялық және провизорлық стационарларында 250 930 ыстық түсіретін, 40 535 вирусқа қарсы препараттар, сондай-ақ 475 380 антибиотик бар.


Ғалымдар коронавирусқа шалдыққан науқастарда өлім қауіпін арттыратын препараттарды атады 


Ал мамандар өз кезегінде коронавирусты вирусқа қарсы препараттармен емдеу нәтиже бермейтінін айтады. Олардың айтуынша, кез-келген вирус жасушалардың ішінде болады және оны "шығару" өте қиын. Сондықтан дәрігерлер вирустық инфекцияның көрініс табуын ғана емдейді, ал вирустың жойылуы иммундық жүйеге байланысты.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, вирусқа қарсы препараттарды қабылдау тіпті қауіпті болуы мүмкін, өйткені кері әсері тию қаупі артады.

Денсаулық сақтау басқармасы препараттардың әлі алынбағандықтан, нақты қай аудандарда таратылатыны белгісіз екендігін атап өтті.

Осыған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов дәріні алатын азаматтар категориясына ересек азаматтар, созылмалы ауруға шалдыққан науқастар және басқа санаттағы азаматтарды жатқызған еді.

Ал вице-министр Ажар Ғиният Алматы облысындағы 50 млн теңгеге алынатын дәрі-дәрмекке қатысты препараттардың стационарлық ауруханаларына арналғанын айтты.

"Эпидемиологиялық жағдай ушыққан кезде, аурулар көп түскен уақытта ауруханаларда дәрі-дәрмектің болмай қалғаны барлығымызға белгілі. Сондықтан да жергілікті әкімшіліктер өздері дәрі-дәрмектерді ауруханалар өз бюджеттерінен жеткізуді қарастырды. Осы 50 млн теңгеге алынған дәрі-дәрмек Алматы облысының стационарлық ауруханаларына арналған. Ол гармондар, антибиотиктер, антикагулянттар сияқты коронавирусты емдейтін дәрілер. Бұл жөнінде министрлік біледі", - деді ол өз сөзінде.

Сондай ақ, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 500 миллион теңге бөлінген еді.

Талқылау