Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шеру кезінде күй тартылып, рух көтеретін әндер айтылды: Алматыда демалыс күні өткен митинг несімен ерекшеленді

Алматыда жерді шетелдіктерге жалға бермеу және несиелік рақымшылықты талап еткен бір топ адам алдын ала келісілген митингіге шықты. Шеру кезінде алаңға шыққандарға күш көрсетілмеген. Алғашында 1000 адам қатысады деп жоспарланған митингке 500-дей адам жиналды. Карантиннен кейінгі ең алғашқы рұқсат етілген митинг қалай өтті? Stan.kz тілшілері наразы халықтың уәжін тыңдап қайтқан еді. 

Митинг Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы скверде өтті. Қолдарына талаптарын жазып алған белсенділердің басым бөлігі демократиялық партия қатарындағылар. 

Шеруге шыққандар жердің шетелдіктерге сатылмауы және несиелік рақымшылық жасауды талап етті. Олар халықтың жағдайы нашар екенін, күн көру қиынға соғып жатқанын алға тартты. 

"Біздің митингке шығу мақсатымыз - халықтың әл-ауқатын арттырудың амалы. Мынау несие халықты есеңгіретіп тастады. Үлкен де, кіші де әйел де, бала да барлығының мойнында несиесі бар. Халықта жұмыс жоқ. Талабымыз - халықтың несиесін кешірсін, жерді шетелдіктерге сатпасын, ел азаматтарын тұтқыннан босатсын", - дейді белсенділердің бірі. 

Олар халықты алаңға шақырып, өзгеріс жасау өз қолымызда, деп ұрандатты. 

"Жастар, болашақ біздің қолымызда. Барлығы өз қолымызда. Қолдасақ, біз жеңеміз, өзгертеміз", - деп ұрандатты тағы бірі. 

Демократиялық партияның жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай да халықтың үніне қосылды. Сөзінше, үкімет жекеменшік банктерге көмек көрсеткенімен, халықты ойлап жатқаны шамалы. Ол зейнеткерлердің несиесін кешірген бірнеше мемлекетті мысалға келтіріп, Қазақстан да сондай қадамға бару керек екенін айтты. 

"Мұны популизм дейтіндер, дұрыс емес деп санайтындар, жекеменшік банктерге көмек көрсеткен кезде "неге біреудің банкіне көмек көрсетесіңдер, халықтан алып байларды қолдап жатырсыңдар" деп біреуі шыққан жоқ. Ал енді халыққа көмек көрсететін кезде бұл популизм, басқа дейді. Мысалы 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Моңғолияда бүкіл зейнеткерлердің несиесін кешірді. Грузия да кешірді. Барлық жерде кешіріліп жатыр. Сондықтан, бұл популизм емес, нақты халыққа керек көмек деп санаймыз", - дейді Жанболат Мамай. 

Шеруге шығушылар бірнеше талап қойып, елімізде орын алып отырған мәселелерге кеңінен тоқталды. Олар қарапайым халықтың жағдайын жақсартуды сұрады. 

"Жер шетелдіктерге жалға берілмесін", "Байларға көмек көрсеткендерің жетеді, халықтың үніне құлақ асыңдар", "Тоқаев, керең болма", "Ата-бабамыздың жерін саудаға салмаңыздар", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Несие амнистиясын талап етеміз", - деп талаптарын жеткізді наразы топ. 

Бұған қоса Жанболат Мамай шетелдіктерге жерді 25 жылға жалға беру - жерден айырылу екенін алға тартты. 

"Біз қазақтың жерінен айырылғалы тұрмыз. 25 жылға жалға берді деген - түгелімен бердік деген сөз. Қытайға 25 жылға жалға берсе, ол өмірі кетпейді. Осы жерде қытайлық орталықтарын салады, қалаларын салады, экспансиясын бастайды", - дейді Мамай.



Сонымен қатар, митингке жиналғандар бейбіт жиын туралы қабылданған жаңа заң аясында әр адам ойын еркін жеткізіп, ұйымдасқан шеруге шығуға құқылы екенін белсенділер басты назарға ала отырып айтты. 

"Енді міне митинг ұйымдастырдық бейбіт жиын, ешкім қудаланбайтын жиын. Қалғаны халықтың еншісінде, халықтың белсенділігіне байланысты. Құрметті ағайын, сөзден іске өтетін уақыт келді", - дейді олар. 

Митингіге әкімшіліктің өкілі де келді. Ол кейбір талаптар орындалмағанын және ескерту жасалғанын айтқан. Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Айдар Есенбековтың сөзінше, әкімшілік тарапынан митинг ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Арнайы алаңға кіретін бөліктерде дене қызуын өлшеп, маска тарататын мамандар болды. Сонымен қатар, полиция мен жедел жәрдем де сырттай бақылады.  

"Бірінші келісілген митинг. Бұған дейін бізде карантин болды. Карантинге байланысты митинг өткізілген жоқ. Айгерім Тілеужанованың өтініші бойынша, бұл митинг келісілді. Қатысушылар 1000 адамды жариялаған. Әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалды. Көлік қозғалысы тоқтатылып, әлеуметтік арақашықтық сызықтары жасалды. Полиция шеткі жақта тұр. Тақырыптан ауытқушылық болды. Мен барып ескерту жасадым. Атқарушы билік ретінде ескерту жасауға міндеттімін", - дейді әкімшіліктің өкілі. 

Ал Жанболат Мамай болса, бұл рұқсат етілген митинг емес, келісілген митинг екенін айтты. Сонымен қатар, белсенді халықты оянуға шақырды. 

"Бүгін 500-дің шамасындай адам шықты. Келесіде бұдан да белсенді болайық. Тағы да адамдарды шақырайық. Бір күнде мәселе шешіліп кетпейді. Бұл - үлкен жұмыс. Сондықтан, жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Ертең сайлау келе жатыр. Сайлаудың алдында, сайлау кезінде бұдан да үлкен митингтер болады",  - дейді Жанболат Мамай. 

Алматыдағы митингте қоғамдық тәртіпті бұзушылық болмағаны туралы қалалық полиция департаменті мәлім етті. 

"Жергілікті атқарушы органмен рұқсат етілген митинг тұрақты режимде өтті.  Заң және тәртіп бұзу фактілері анықталған жоқ. Барлығы іс-шараға жүзге жуық адам қатысты. Митингке қатысушылар бұл шараны Қазақстан заңнамасына сәйкес өткізді", - делінген хабарламада.

Митинг өткізілген уақыт ішінде Пушкин көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі аралықта Шевченко көшесі бойымен көлік құралдарының қозғалысына шекетеу қойылған. 

Митингке қатысушылардың нақты саны белгісіз болды. Ұйымдастырушылар 500-ден артық адам болғанын айтса, полиция 100 адам қатысқанын алға тартқан. 

Митинг нәтижесі бойынша, ешкім жазаға тартылған жоқ, халық сағат 11-ден бастап екі сағат наразылығын білдіріп, артынша тарасқан. Ең қызығы шеру кезінде күй тартылып, қазақтың рухын көтеретін әндер айтылды. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр