Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Уақытша қойылған": Алматы метрополитені қоршауларға қатысты желідегі сынға жауап берді

Алматыдағы метрополитен бастығы Алмас Орынбеков тұрғындардың наразылығын тудырған қоршаулардың уақытша орнатылғанын айтты. Айтуынша, бұл қоршаулар тұрақты платформалық есіктері пайда болғанша уақытша орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсивке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

“Алматылықтардың сынына қалған темір қоршауларға бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Бұл – жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған уақытша шара. Қазір вагондар арасына бөлу құрылымдарын орнатуды жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар оларды сынақтан өткізіп жатырмыз”, – дейді Алмас Орынбеков.

Оның сөзінше, алдымен жылтыратылған тот баспайтын болаттан жасалған металл тіректер орнатылады. Кейін соққыға төзімді шыныдан жасалған қоршаулар орнатылмақ. Ол қоршауларды орнату жақын уақытта аяқталатынын айтты.

Метрополитен директоры қолданыстағы станцияларды жобалау кезіндегі құжаттарда автоматтандырылған есіктер қарастырылмағанын түсіндірді.

“Бұл құжаттарға өзгертулер тек 2022 жылы енгізілді. Біз жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан бұл процесті қалай ұйымдастыруға болатынын ойластырдық. Мұнда жүйелі тәсіл қажет, сондықтан платформалық қоршаулар қазір салынып жатқан және жобаланатын станцияларда қарастырылған”, – дейді Алмас Орынбеков.

Сондай-ақ ол автоматтандырылған есіктерді орнатуға көп уақыт керегін атап өтті. Уақытша қоршауларды орнатудың себебі дейді метрополитен директоры.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы "Жібек жолы" метросында қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында темір қоршаулардың 14 миллион теңгеге орнатылғаны туралы ақпарат тарады. 

Талқылау