Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Ыстықкөл арасындағы жаңа жолға 150 миллион доллар жұмсалмақ

Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жолдың жалпы ұзындығы 260 шақырым. Бұл ЕАЭО тарихындағы алғашқы трансшекаралық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ЖИ

Қырғызстан мен Қазақстан Алматы мен Ыстықкөл арасындағы балама автожолды салу бойынша техникалық параметрлерді бекітті. Қырғызстанның көлік министрлігінің мәліметінше, Алматыда өткен жұмыс тобының отырысында жобаның техникалық тапсырмасы мақұлданды. Жаңа тас жол әйгілі курортқа сапарды жеңілдетіп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтады деген болжам бар.

“Жобада жалпы ұзындығы шамамен 260 шақырымдық жол құрылысы мен реконструкциясы қамтылған. Бұл үшін батыс бағыт таңдалды. Маршрут Қазақстанның Ұзынағаш елді мекенінен басталып, жаңа Қастек асуы, Кемін қаласымен жалғасады, ары қарай Шолпон-Атаға дейін жетуге болады”, – делінген қорытынды хаттамада.

Сондай-ақ Алматы – Бішкек бағытында электр автобусы маршрутын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл да осы аймақтағы алғашқы траншекаралық жоба.



Алдын ала есептеулер бойынша, жолдың құрылыс құны 140-150 миллион доллар аралығында болады. Бұл бұрын 586 миллион доллар деп бағаланған балама тікелей бағыттан шамамен төрт есе арзан.

Қаржыландыру мемлекеттік-жеке серіктестік моделі бойынша жүзеге асырылады. Яғни, жеке инвесторлар қаражаттың 20%-ын өзі қамтамасыз етеді, қалған сома қарыз арқылы жабылады.

Шығындарды елдер арасында осылай бөлу жоспарланып отыр:

  • Қазақстан — 59,4 %;
  • Қырғызстан — 40,6 %.

Жолды мамыр айынан қазан айына дейін қолданысқа беру жоспарда бар. Ал жаңа автожолда тәулігіне екі мыңнан төрт мыңға дейін көлік жүре алады.

Бұған дейін Қызылордадан Өзбекстан шекарасына дейін құны 140 миллиард теңге болатын жаңа жол салынатыны туралы жазған едік.

Талқылау