Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Алматы облысындағы жанармай құю бекеттерінде дизельдік отын жоқ

Алматы мен облыс тұрғындары жанармай құю бекеттерінде дизель отынының жоқтығына шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қала тұрғындарының айтуынша, 15 наурыздан бастап Алматы мен қала маңындағы жанармай құю бекеттерінен дизельдік жанармай алу мүмкін емес.

"Біз, қарапайым азаматтар, жанармай жоқ болғандықтан жұмыс істей алмаймыз", - дейді қала тұрғындарының бірі.

Қарасай ауданының тұрғындары да осындай мәселеге тап болған.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қазір қалада дизель отынына Алматы облысы мен өзге өңірлерден келетін ауыр жүк көліктерінің иелері тарапынан сұраныс артқан.

"Алматыдағы кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде 2023 жылдың 15 наурызында Шымкенттегі "ПетроҚазақстанОйл Продактс" зауытында басталған жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты дизельдік отын тапшылығы орын алуы мүмкін", – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы атап өткендей, қазір республиканың мұнай өңдеу зауыттары көктемгі егістік пен егін жинау жұмыстарына жанармайдың қомақты үлесін жөнелтуде.

"Сонымен қатар, отандық мұнай өңдеу зауыттары өнімді жөнелтіп, өз міндеттемелерін бұрын жасалған келісімшарттар бойынша орындап жатқанын хабарлаймыз. Бүгінгі таңда мұнай өнімдерін жеткізу жолға қойылған, мұнай базалары мен жанармай құю станцияларындағы қорлар тұрақты бақылауда. Алматы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы, Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ірі жанармай құю станцияларының желілеріне дизельдік отынның бөлінген көлемін ұлғайту және жеткізуді қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетеді", - деп хабарлады Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.

Қалада 213 жанармай құю бекеті жұмыс істеп тұр, оның ішінде 176 жанармай құю бекеті (80 пайызы) алты ірі желіге тиесілі екен.

 

Талқылау