Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңындағы ұшақ апаты: Марқұмның жақындары кінәлілерді жазалауды талап етті

Bek Air әуе компаниясының ұшағы осыдан екі жыл апатқа ұшыраған еді. Fokker-100 ұшағы қажетті биікке көтеріле алмай, жеке үйге соғылған еді. Алайда тергеу нәтижелері әлі жарияланбаған. Ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Дана Круглованың жақындары кінәлілердің жазалануын талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Дана

Дана Круглованың анасы Жанатгүл Жалмағамбетова қайғылы оқиға ешкімнің де есінен кетпейтінін айтады. Оның сөзінше, қажетті медициналық көмек көрсетілгенде, қызын аман алып қалуға болар еді. Себебі ол бір сағат көлемінде тірі жатқан. Қайғыдан қан жұтқан ана тергеудің әділ жүріп, кінәлілер лайықты жазасын алады деп сенеді. 

"Құрметті шенділер, екі жыл өтсе де, неліктен тергеу аяқталмады. Ешкім жазаға тартылмады деп айтады. Кінәлілер қайда?" – деді Жанатгүл Жалмағамбетова. 

Қазір жердің заңсыз сатылуына қатысы бар шенділер мен риелторлар ғана жазаланды. Олардың екеі 3 және 4 жылға бас бостандығынан айрылса, қалғандарына бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Алайда тергеудің ресми қорытындысы жоқ. 


Алматыда Bek Air ұшағының құлауы: Әуежай маңындағы жер иелері сотқа шақырыла бастады


"Дананың редакторы, марқұм Михаил Дорофеев Дана сол ұшақта болмағанда, қазір осы істі өзі зерттейтін еді деп айтқан. Алайда қызым дәл сол ұшақта болды. Дананың жаны тыныш болса деймін. Ол да журналист қой", –  дейді марқұмның анасы Жанатгүл Жалмағамбетова. 

Ішкі істер министрлігінде тергеудің әлі жүріп жатқанын, қалған ақпараттар жариялауға жатпайтынын мәлімдеді. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде тергеу есебі дайын екенін айтты. Комиссия құрамында Нидерланд корольдігінің өкілетті тұлғалары мен ұшақты жасаған зауыт өкілдері бар. Олар математикалық жолмен ұшақтың ұшу бағытын есептеп шығарды. Бұл да тергеу есебіне әсер етеді. Ресми түрде расталған соң министрлік құжатты жария етуі тиіс. 

Талқылау