Желіде Алматы маңындағы Aport Mall сауда үйінде адамдар эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады
Әлеуметтік желіде Алматы облысындағы Aport Mall сауда үйінде келушілердің шұғыл эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет: Аport.asia сайтынан
Азаматтарды эвакуациялау сәтінің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ал Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілдері ақпаратты растады.
“2 тамызда сағат 14:50 шамасында кезекші бөлімге Қарасай ауданының аумағында орналасқан "Апорт" ойын-сауық сауда орталығында жарылыс болу қаупі туралы ақпарат түсті. Дерек бойынша полиция қызметкерлері сауда орталығының аумағын қоршауға алып, аумақтан шығатын көлік құралдарын тексеруді жүзеге асырады. Аталған дерек ҚР ҚК 273-бабы бойынша Қарасай ауданының ПБ-да тіркелді. Қазіргі уақытта саперлер ғимаратта жарылғыш заттардың бар-жоғын анықтау үшін арнайы операция жүргізуде. Сонымен қатар, күдіктінің жеке басын анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Дегенмен сауда орталығының өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
“Aport Mall әкімшілігі нысанға бомба қойылғаны және адамдардың эвакуацияланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарады. Сауда үйі штатты режимде жұмыс істеп жатыр”, – делінген ақпаратта.