Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңында жол апатынан ерлі-зайыпты қайтыс болды, төрт жасар қызы ғана аман қалған

Алматы облысында жол апатынан ерлі-зайыптылар қайтыс болды. Олардың кішкентай баласы мен жол апатына түскен тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде жол талғамайтын Volvo көлігі мен Mercedes Benz көліктерінің соқтығысқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Екі көлік те қатты соққыдан майысып қалған. Сондай-ақ апаттан қайтыс болған әйелдің егізге жүкті болғаны хабарланды.

Белгілі болғандай, оқиға шілденің 5-інен 6-сына қараған түні Іле ауданында тіркелген.

Облыстық полицейлер көліктердің соқтығысуы Байсерке – Қараой тас жолының 26-шы шақырымында болғанын нақтылады. Алдын ала болжам бойынша, жол апатына кінәлі 32 жастағы Volvo көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен.

"Mercedes Benz салонында болған ер адам мен әйел қаза тапты. Сондай-ақ үш адам зардап шекті, олардың арасында 4 жасар қыз да бар, ол жарақатпен ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалмақ.

Талқылау