Алматы "Қайрат" – "Реал" ойынына 4 мың шетелдік жанкүйерді қабылдайды
 Фото: fckairat.com
Фото: fckairat.com
Алматы "Қайрат" – "Реал" ойынына келген туристерді қабылдауға дайын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі "Қайрат" пен мадридтік "Реал" арасындағы матч Алматыда үлкен қызығушылық тудырды. Ойынға шамамен 4 мың шетелдік жанкүйердің келуі күтілуде. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Алматының қонақүй қоры мен қызмет көрсету саласы толық дайын.
"Матчтан кейін нақты мәлімет беретін боламыз: қанша шетелдік жанкүйер келгенін және олардың қай елдерден екенін жариялаймыз. Қазірдің өзінде стадион билеттерінің бәрі сатылып кетті. Бұған дейін де Алматы ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізген. Сондықтан қала туризм ағынын қабылдауға толық дайын", – деді ол.
Кәріпбаев болжамды экономикалық әсерге де тоқталды. Оның айтуынша, егер қалаға 4 мыңға жуық турист келсе, бюджетке түсетін табыс 2–3 миллиард теңгені құрауы мүмкін.
Айта кетейік, мадридтік "Реал" түнде Алматыға ұшып келді. Команда InterContinental Almaty қонақүйінде орналасқан. "Қайрат" пен "Реал" арасындағы тарихи кездесу 30 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Басталуы – сағат 21:45.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
