Алматы қаласындағы "Ассамблея жастары" немен айналысады? Маман түсіндіріп берді
"Ассамблея жастары" Алматы қаласы аймақтық қоғамдық ұйымы –қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жолындағы ілкімді істердің ұйытқысы болып келеді. Осы орайда аталмыш ұйым төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруармен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып қайтқан еді.
Ынтымақ пен бірлікті жалғаған ұйым
2021 жылдың 17 қарашасында өткен кеңейтілген отырысында "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде тіркелген болатын. Осы кезеңде Алматыдағы "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі де бой көтерді. Ұйымға Алматыдағы этномәдени бірлестіктердің Жастар қанатының мүшелері топтастырылды. Бүгінде бірлестік басшылығының тізгінін ұстаған жастың бірі Омар Мохаммедсаруардан "Ассамблея жастары" Алматы қаласы аймақтық қоғамдық ұйымының басым бағыттары туралы сұрағанымызда: "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі идеологиясының бағыты – "Қазақстан – ортақ үйіміз". Сүйікті Отанымыз Қазақстанның дамуына үлес қосуды көздеген Алматы қаласындағы "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі "Social Assembly", "Бірлік тілі", "Ел мұрасы", "Таза орта", "Қасиетті парыз" және "Jastar media" сынды бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біздің ұйымдастыруымызбен өткізілетін әрбір іс-шараның тағылымы зор. Әрі алып мегаполис Алматыны мекендеген қаншама ұлт пен ұлыс жастарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға мұрындық болып келеміз" дейді.
Экстремизм мен терроризмге жол жоқ
"Ассамблея жастары" Алматы қаласы аймақтық қоғамдық ұйымы мемлекеттік органдармен экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы күресуде бас біріктіріп, жұмыла жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ұйымның ұйытқы болуымен Алматыда зорлық-зомбылық пен экстремизмнің алдын алуға бағытталған форумдар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазақстанның әрбір облысындағы "Ассамблея Жастары" қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысатын іс-шарада жастар жанжалдардың алдын алу және шешу әдістерімен жете танысуға мүмкіндік алады.
Жастардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді де қашан да басты назарда ұстайтын Алматы қаласындағы "Ассамблея жастарының" бұл бағыттағы іс-шаралары туралы Омар Мохаммедсаруарға айтып беруін өтіндік: "Жастардың қауіпсіздігі – қоғамдағы ең бір өзекті мәселенің бірі.
Әсіресе еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеп, жұмыс іздеп келетін жастардың қарасы Алматыда өте көп. Сондай-ақ Алматы көптеген ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырған қала. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар қашан да қарқынды жүргізілуді талап етеді. Осынау үдеден шығу үшін Алматыдағы "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі "Кибербуллинг: әлеуметтік желілердегі қудалау" , "Алаяқтыққа қарсы күресте Алматы қаласының полициясы мен жастар қоғамдық ұйымдарының ынтымақтастығы", "Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресте "Ассамблея Жастары" еріктілерін қолдау", "Студент жастардың қауіпсіздігі", "Жастар ортасындағы экстремизм: айырмашылығы неде?" атты форумдарды дәстүрлі түрде өткізіп келеді" дейді.
Мұндай жиындардың мақсаты – қоғамға залалын тигізетін дүниелерден жастардың бойын аулақ ұстауға үндеу. Бүгінгі жастар қауіпсіз өмір сүргенде ғана еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз.
Қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп
Шындығында да "Ассаблея жастарының" тынымсыз тірлігі үлкенге де, кішіге де үлгі боларлықтай десек артық айтқандық емес. Жоғарыда атап көрсеткен әрбір бағыттың аясында жүзеге асқан жұмыстар жетерлік.
"Тілі бірдің тілегі бір" дейді ғой дана халқымыз. Меніңше мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі Қазақстанды мекендеген барша ұлттың туған тіліне айналып үлгерді. "Ассамблея жастары" өзінің "Бірлік тілі" бағыты бойынша да игі істерді атқаруда алдыңғы шептен көрініп келеді. Осы тұста Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінде "Достық" атты қазақ тілі курсының ашылғандығын атап айту ләзім. Бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан аталмыш курсқа қатысып, қазақ тілін үйренушілердің қатары күннен күнге артып келеді. Олардың денін "Ассамблея жастарының" мүшелері құрайтындығы да көңіл қуантады" дейді бүгінде өзі "Сөйле" клубында қазақ тілінен дәріс беріп келе жатқан "Ассамблея жастары" Алматы қаласы аймақтық қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруар.
Алматы қаласындағы "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі – жастар арасындағы қоғамдық құндылықты насихаттау ісіне де белсене араласып келеді. "Ел мұрасы" бағыты бойынша өткізілген "Ассамблея жастарының" слеты осындай игі істердің бірі. Осынау шара аясында қоғамдық бірлестік мүшелері Жетісу, Алматы облыстарындағы киелі жерлерге барып, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Еліміздің әрбір аймағынан жүз елуге тарта жас қатысқан іс-шара ел тарихына тереңірек үңілумен ерекшеленді.
Ұйым төрағасы орынбасарының сөзінше, қоғамдық бірлестік еліміздегі әрбір атаулы мерекені назардан тыс қалдырмайды. Атап айтқанда, Алғыс айту күні, Балаларды қорғау күні, Ұлы Жеңіс күні, Қарттар күні, Құрбан айт мерекесі, Білім күні және т.б елімізде аталып өтілетін мейрамдарда қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, өздері өзгеге алғыс та айтып, елдің де алғысына бөленіп келе жатқан ұйым мүшелерінің ісі кісі сүйсінерліктей.
Алдағы уақытта Алматыдағы "Ассамблея жастары" Мағжан ақын артқан сенімді ақтап, жастық жігермен жемісті жұмыстарын жалғасыра бермек...
Гүлмира САДЫҚ,