Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары жастарды радикалды ағымның арбауынан қалай қорғайтынын айтты
Алматы қаласы бойынша дін саласындағы саясатты жүзеге асыру шаралары дін істері жөніндегі басқарма және дін мәселелерін зерттеу орталығымен жүзеге асырылып жатыр. Қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Көшекей Ерғали Ақылбекұлы мегаполисте дін бойынша қандай мәселелер өзекті екенін және оның алдын алуда қандай істер жүзеге асқанын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы – мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырушы жергілікті атқарушы орган. Мекеме халық арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, зайырлылық қағидаттарын насихаттау және конфессияаралық келісімді нығайтуды көздейді.
Ерғали Көшекейдің айтуынша, бүгінгі таңда басқарманың ұйымдастыруымен жыл басынан бері халық арасында әртүрлі форматтағы
430-дан астам кездесулер мен сұхбаттар өткізіліп, жалпы саны қырық мыңға жуық адам қамтылған.
“Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін дін саласындағы білікті мамандар тартылған ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Жұмыс барысында халықтың осал бөлігі, оның ішінде маргиналды ортаға, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, діндар азаматтар мен жастарға ерекше зейін қойылады. Діни радикалды ұйымдардың қауіптілігі туралы ақпарат беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында дін өкілдерінің қатысуымен мешіт жамағаттары арасында тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылуда”, – деді маман.
Ол басқарма жұмысы негізгі төрт бағытқа бөлінетінін түсіндірді.
- Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету;
- Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- Діни экстремистік ағымдардың жақтастарымен профилактикалық және оңалту жұмыстарын жүргізу;
- БАҚ-та және ғаламтор кеңістігінде діни экстремизм мен терроризм идеологиясы таралуының алдын-алуға бағытталған қарсы-насихат жұмыстары.
Сондай-ақ 2017 жылдан бері басқарма жанында "Кеңес беру және оңалту орталығы" өз қызметін жүргізіп келеді. Аталған орталық теолог және психолог мамандардың қатысуымен экстремистік сипаттағы діни ағымдардың радикалды, сондай-ақ жалған идеологияларының ықпалына ұшыраған адамдар үшін кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсетумен айналысады.
“Радикалды ағымның шырмауына ұшырағандармен жұмыс жүйелі жүргізіледі. Оларға ақпараттық кеңес беріп қана қоймай, қоғамға бейімдеу шаралары, түрлі курстар қарастырылады. Орталыққа белгілі бір сұрақтармен жүгінгісі келетіндер үшін арнайы сенім телефондары бар. Оған кез келген қазақстандық хабарласа алады”, – деді Көшекей.
Ерлерге арналған сенім телефоны – +77011207570;
Әйелдерге арналған сенім телефоны – +77011200503.
Маманның айтуынша, Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы тек ислам дініне қатысты деген қате түсінік бар. Ол еліміз зайырлы болғандықтан, түрлі наным-сенімдегі топтар қамтылатынын тілге тиек етті. Алматыда қазіргі таңда 17 конфессия бар. Сол себепті діни бірлестіктер мүшелері арасында қарым-қатынасты күшейтіп, бейбітшілікті, конфессияаралық келісімді насихаттау мақсатында 2017 жылы Алматы қаласы діни бірлестіктер көшбасшылары клубы құрылған.
Айтуынша, бұл халық арасындағы тепе-теңдікті, бір дін өкілінің екінші дін өкіліне кемсітушілігінің алдын алу және бір діннің басқалардан басым түсуінен қорғау үшін жұмыс істейді.
Клубтың жұмысы Конституцияның дін саласын реттейтін қолданыстағы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңының 3-бабының 1-тармағы аясында жүзеге асуда.
“Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының мақсаты – әртүрлі діндер арасында диалогты дамытып, толеранттылықты насихаттау. 17 конфессияның артында мыңдаған адам, бірнеше жамағат тұр. Сол үшін конфессияаралық келісім өте маңызды. Жыл басынан бері түрлі конфессиялар арасында спорттық сайыстар, кездесулер және түрлі жиындар өткізілген”, – деді ол.
Басқарма үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – бұл жастар арасында діни экстремистік идеологияның әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралуы. Спикердің айтуынша, желіде күмәнді ақпараттар желдей есіп тарауда.
“Дінтанулық білімі жоқ кей жастарымыз ғаламтордағы күмәнді ақпарат көздері арқылы теріс пиғылды ағымдардың арбауына түсуде. Қазір орынсыз ақпараттар өте көп. Мысалы, жақын арада “домбыра харам” деген сияқты мәлімдемелер айтылып жатты, оның бәрі қоғамды адастырады. Бұлардың алдын алу мақсатында желіде бақылау жүргізіліп, ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді жұмыс істейді”, – деді Көшекей Ерғали.
Басқарма Facebook, Telegram, Instagram, TikTok, Vkontakte секілді әлеуметтік желілердің ақпаратты таратудағы маңыздылығын ескере отырып, оларды белсенді түрде тексеріп, пайдаланады. Сондай-ақ жыл басынан бері интернет-кеңістікте әртүрлі форматтағы қарсы насихаттық жұмыс аясында екі мыңға жуық материал жарияланып, екі миллионнан астам адам қамтылды.
“Заман ағысынан қалмай, жастармен бір толқында болу мақсатында парақшаларымызды дамыту шараларын қолға алдық. Бүгінгі таңда олардың танымалдығын арттыру және мақсатты аудиторияны профилактикалық шаралармен қамту үшін 15 рет таргеттік жарнама қолданылған. Олар тексерілген, қауіпсіз ақпаратты ресми мекемелерден ала алады”, – деді басқарма басшысының орынбасары.