Алматы-Бішкек тасжолында ағаштарды заңсыз кескен азаматқа қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысы Қарасай ауданының 23 жастағы тұрғыны Бішкекке барар жолдағы ағаштарды кескені үшін жазаланатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ағаштарды үлкен кесіп жатқанын жергілікті тұрғындардың бірі байқап қалған. Ол оқиға орнына учаскелік полиция қызметкерін шақырып, Долан ауылының маңында заңсыз кесілген ағаштарды видеоға түсіріп алған.
Облыстық полиция Департаментінің ақпаратына сүйенсек, аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 340-бабы, 1 бөлігі бойынша ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау туралы іс қозғалды.
"Жедел іс-шаралар барысында полиция басқармасына Қырғауылды ауылының 23 жастағы тұрғыны жеткізілді. Қазіргі уақытта дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде шешім қабылданатын болады" - дейді ПД-нің баспасөз қызметі.
Бұл бабқа сәйкес, 23 жастағы азамат 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл, немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.