Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әуежайында мас күйде шу шығарып, жазадан құтылып кеткен прокурор айыппұл арқалады

Фото: lada.kz

Апелляциялық сот мас күйде әуежайда шу шығарған ақтаулық прокурор Ерболат Әбдіровті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровтің Алматы әуежайындағы іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ деген шешім шығарған еді. 

Маңғыстау облыстық соты Ақтау сотының шешімін апелляциялық тәртіппен қайта қарады. Апелляциялық сот Ерболат Әбдіровті кінәсіз деп тану жөніндегі бірінші сатыдағы сот шешімінің негізсіз екенін анықтады. Іс материалдарына сәйкес, ол 2025 жылдың 27 тамызында Алматы – Астана рейсінің жолаушыларын тасымалдаған автобуста адамдарға тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Айыпталушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәгерлердің айғақтарымен, әуежай мен полиция қызметкерлерінің актілері расталған. Нәтижесінде Ақтау сотының шешімінің күші жойылып, Ерболат Әбдіровке 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Шешім заңды күшіне енді.

Бас көлік прокуратурасы Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. “Құқық қорғау қызметі туралы” заңға сәйкес, прокурор соңғы шешім қабылданғанға дейін лауазымынан уақытша босатылған.

Еске салсақ, бұған дейін сот Алматыда мас күйінде ұсталды деген прокурорға заңды бұзбаған деген шешім шығарған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 23:00
Талқылау