Алматы әуежайы бірқатар рейстердің кешігетінін мәлімдеп, ескерту жасады
Алматы халықаралық әуежайы 8 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше өңірге бағыт алған рейстің уақытын кейінге шегерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: sobaka.ru
"Алматы халықаралық әуежайы 2025 жылғы 8 қаңтарда қолайсыз ауа райы жағдайларына (қар жауу, тұман) байланысты кейбір ұшу рейстерінің уақыты ауыстырылғанын хабарлайды", – делінген ақпаратта.
Әуежай сайтындағы ақпаратқа сенсек, бүгін Шымкентке, Ақтауға, Новосібірге, Шри-Ланкаға, Астана, Атырауға ұшатын рейстер кейінге қалдырылған. Ұшақтардың нақты қай уақытта ұшуы мүмкін екені көрсетілмеген.
Фото: Аlaport.com скринделген
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша 7, 8, 9 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады. Ал 8 қаңтарға қараған түні Батыс антициклоны ауа температурасын күрт төмендетеді. Салдарынан түнде республиканың солтүстік жартысында 15-25 градус аязға дейін, оңтүстігінде 5 -15-ға дейін, Алматы облысы мен Жетісу облысының таулы аудандарында 20-25 градус аязға дейін болжанды.