Жаңа ережелер: Алматы әуежайына енді қалай кіруге болады?
Алматы-Нұр-Сұлтан рейстерінің қайта жандануына байланысты Алматы халықаралық әуежайына кірудің жаңа тәртібі жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әуежайына кірудің жаңа ережелері мынадай:
- терминалға тек бірінші қабат арқылы кіре аласыз, автомобильдерге арналған пандус жабық;
- терминалға COVID-19 тестінен өткен кері нәтижелі анықтамасы бар жолаушылар ғана кіре алады (берілген күннен бастап 7 күнтізбелік күнге жарамды);
- шығарып салушыларға терминалдың ішіне кіруге тыйым салынады;
- анықтаманы тексеру және дене қызуын өлшеу терминалдың кіре берісінде жүзеге асырылады;
- терминалда жолаушылар маскада және қолғапта болулары тиіс;
- қолды дезинфекциялау үшін терминал аумағында санитайзерлер қойылған;
- тіркеу және тексеру орындарында 1,5м кем емес арақашықтықты арнайы белгілер бойынша сақтау керек;
- ересектерге ілесусіз ұшатын балалардың ата-аналарында да КОВИД тестінен өткендігі туралы анықтама болуы тиіс, ол болмаған жағдайда кіре берісте авиакомпания өкілі баланы күтіп алып, тіркеуден өткізеді;
- тестілеу туралы анықтама мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды шығарып салушы тұлғаларда да болуы тиіс, ол болмаған жағдайда терминалдың кіре берісіндегі арнайы батырма арқылы санитарды шақыра аласыз.
Сондай-ақ әуежай басшылығы санитарлық талаптардың күшейтілуіне байланысты жолаушыларды мүмкіндігінше рейске онлайн тіркелуді, әуежайға уақытынан бұрын келуін, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.