Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімінің орынбасары бизнесті заңсыз тексергені үшін қомақты айыппұл төлейді

Түрксіб ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексерумен байланысты әкімдіктің лауазымды тұлғаларының құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Мәліметтерге сенсек, қала әкімі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері өз өкілеттіктерінің шегінен шығып кәсіпкерлерден құжаттарды (тауарларға ілеспе жүк құжаттарды) заңсыз негізде ұсынуды талап еткен.

Мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжаттаманы талап ету үшін құқықтық негіздер болмаған.

Тексеру жүргізу тәртібін бұзу фактілері бойынша аудан әкімдері аппараттарының 6 лауазымды тұлғасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 175-бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. 25 материал бойынша 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде (1 966 000 теңге) айыппұл салынды.

Бұдан басқа Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабымен кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Қазір барлық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді.



Еске салайық, бұған дейін Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты рейдерлік әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. Отандық кәсіпкер Қанат Әміркин Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан Нұрланов өзінен "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алып, одан үлкен сомада ақша талап еткенін айтқан еді. 

Талқылау