Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Феминита белсенділері Алматы әкімдігін "Лесбиан құрылтайын" өткізуге қысым көрсетті деп айыптады

"Феминита" ұйымы Алматы әкімдігін "Қазан айындағы лесбиан құрылтайы" атты іс-шараларын тоқтатпақ болды деп айыптады. Феминистік қозғалыстың белсенділері экологиялық конференция өткізетін орын таба алмай жүргенін, бұған қалалық биліктің араласуы себеп болып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Біздің құрылтайды тоқтатуға тырысып жатыр. Бұған Алматы әкімдігі кедергі келтіріп жатыр. Төрт қонақүйде және бір коворкингте брондауымызды жойды. Барлығы бізді "Феминита" деген тізімде тұрғанымызды айтып жатыр. Біз жай ғана қарап отырмаймыз, бәрібір іс-шарамызды өткіземіз. Алматы әкімдігі бизнеске қысым көрсетіп, лесбиан құрылтайына барынша кедергі келтірді. Артық қылам деп, тыртық қылған себепті, қазір Алматының барлық көшесінде лесбиан өріп жүр", — деп мәлімдеді феминистік белсенді Жанар Секербаева.

Ақырында белсенділер Алматыда "Лесбиан құрылтайын" өткізетін орын тапты. Іс-шараның тақырыбы — "Экология және оның ЛГБТ қауымдастығына әсері: біз дағдарыстарды қалай бастан өткереміз және болашағымызды қалай елестетеміз".

Скрин Instagram/Феминита

Феминистер Instagram парақшасында әкімдіктің жарықты өшіріп тастағанын және олардың іс-шарасына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері келгенін мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі 8 наурыздағы дәстүрлі маршқа қатысуға рұқсат бермегенін хабарлаған едік. Бұған қала тұрғындарының феминистер әйелдер құқығы үшін күресуді сылтау етіп, "жат дәстүрлі емес құндылықтарды" насихаттап жатыр деген шағымдары себеп болды.

Сондай-ақ мамыр айында Epetition.kz сайтында ЛГБТ-ны "насихаттауға" қарсы петиция пайда болды. Оның авторы — "Қазақстан ата-аналар одағының" төрайымы Багила Балтабаева. Ол феминистерді "дәстүрлі емес құндылықтарды" насихаттағаны үшін сынға алды. Сөйтіп Human Rights Watch ұйымы Қазақстан үкіметін бұл петицияны қабылдамауға шақырды. Себебі ол ЛГБТ қауымдастығына ашық түрде кемсітушілік жасалды деп айыптады. Дегенмен мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда ЛГБТ-ны "насихаттауға" ішінара тыйым салуды қолдады.

Талқылау