Алматы әкімдігі туризмді дамыту үшін блогерлерге, имидждік бейнероликтерге және Tripadvisor жарнамасына 1,2 миллиард теңге жұмсамақ
Алматы әкімдігі блогерлерді шақыру, имидждік бейнероликтер, Expedia және Tripadvisor платформаларында жарнама жасау, сондай-ақ туристік әлеуетті арттыру мақсатында брошюралар дайындау үшін 1,2 миллиард теңге жұмсайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Алматының туризм бюросы қала әкімдігінің туризм басқармасымен 1,2 миллиард теңгеге келісімшарт жасасқан. Әкімдіктің мәліметінше, бұл қаражат "Алматының тартымды туристік бағыт ретінде жағымды имиджін қалыптастыруға" бағытталады.
Нақтырақ айтқанда, халықтың ақшасы келесі мақсаттарға жұмсалады:
- блогерлер – "қоғамдық пікір көшбасшыларын қабылдау";
- халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларды қолдау;
- брошюралар, нұсқаулықтар және жол көрсеткіштер – "ақпараттық материалдарды әзірлеу және тарату";
- шетелдердегі және Expedia мен Tripadvisor платформаларындағы жарнама;
- имидждік бейнероликтер;
- туристік ағындарды зерттеу және турист бейінін жасау.
"Бұл бағыттардың әрқайсысы туристер мен инвесторларды тартуға және Алматыға халықаралық қызығушылықты арттыруға ықпал етеді", – деп атап өтті баспасөз қызметі.
2024 жылы әкімдік туризмді жарнама арқылы дамытты. Әкімдік оның нәтижелерімен бөлісті. Олардың мәліметіне сәйкес, қамту 300 миллион аккаунтқа дейін (оның ішінде visitalmaty.kz сайтының 1 миллион шетелдік қолданушысы) өскен, әлеуметтік желілердегі аудиторияның белсенділігі 20 миллион адамға жеткен және 100 мың турист тартылған. Нәтижесінде, қала 73,5 миллиард теңге пайда тапқан.
"2025 жылы біз Алматыны Expedia, TripAdvisor, WeChat және Instagram сияқты платформаларда белсенді түрде ілгерілетуді жалғастырамыз. Назарды қаланың бірегей ерекшеліктеріне аударамыз: таулы пейзаждар, мәдени мұра, гастрономия және қалалық атмосфера. Әсіресе, инфлюенсерлерді тартуға және көз тартатын визуалды контент жасауға басымдық беріледі", – деп мәлімдеді әкімдік.
"Әкімдік қалаға туристік ағынды қалай арттырмақ?" деген сұраққа баспасөз қызметі кешенді тәсіл қолданылатынын айтты. Бірақ басты назар – қонақүй қорының көбеюіне аударылмақ. Осы мақсатта қалада 5 615 нөмірлік 37 қонақүй салынып жатыр.
Олардың қазіргі жағдайы келесідей:
- 12 қонақүй (1 477 нөмір) құрылыс сатысында;
- 25 қонақүй (4 138 нөмір) жобалау кезеңінде.
Құрылыс бірнеше кезеңде аяқталады:
- 2025 жылы – 10 нысан (1 097 нөмір);
- 2026 жылы – 15 нысан (2 604 нөмір);
- 2027 жылы – 12 нысан (1 914 нөмір).
Қалада 29 туристік нысан салынып жатыр, олардың 14-і 2025 жылы ашылады. Бұл демалысты тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы етеді дейді әкімдік.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Қысқы демалыс түрлерін дамыту кеңінен жоспарланған, олардың арасында шаңғымен сырғанау ерекше сұранысқа ие. Спорттық жабдықтарды жалға беретін, тамақтану орны мен кәдесый дүкендері бар шаңғы базасын ұйымдастыру жоспарланған.