Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі Сайран көлінің абаттандырылуын кешіктірген мердігермен соттасып жатыр

Сайран көлінде құрылыс жұмыстары бітпей жатырФото: Видеодан скрин

Алматы әкімдігі Сайран көлін абаттандыру жұмыстарын кешіктірген мердігерді сотқа берді. Қалалықтар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналған жағалауда құрылыс әлі аяқталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыдағы ең ауқымды әрі қымбат жобалардың бірі Сайран көлін абаттандыру жұмыстары әлі аяқталмай келеді. Жобаның мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Тұрғындар жағалауды демалыс орнына айналдырып үлгергенімен, құрылысшылар әлі де жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдік бас мердігер "Павлодар өзен порты" АҚ-ға қарсы сотқа арыз түсірді. Компания келісімшартта көрсетілген мерзімнен кешіккен. Енді оны мемлекеттік сатып алуларды "адал атқармайтын мекеме" деп тануды қарастырып отыр.

Алматы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Оңалбек Қыдырбаевтың айтуынша, мердігер мен тапсырыс беруші арасында келісім бар және нақты мерзімдер белгіленген. 

"Алайда мердігер сол мерзімге сай жұмысын аяқтамады. Сондықтан біз сотқа жүгіндік. Мамырда объект толығымен тапсырылуы керек еді. Мамырда да, маусымда да тапсырылған жоқ", – деді Оңалбек Қыдырбаев.

Сот процесіне қарамастан компания жұмысты жаздың соңына дейін аяқтайтынын айтып отыр. Қазір мердігер жұмысы тапсырыс берушінің қатаң бақылауында. Дегенмен қала тұрғындары мен қонақтарының көлге қатысты өз ұсыныстары бар.

"Кафелер, шағын мейрамханалар, би алаңдары болады деген. Соларды күтіп жүрміз", "Көбірек жасыл желек болса дейміз, көгалдандыру мен суару жүйесі жақсы жасалса. Себебі жаз өте ыстық", "Ұлттық нақыш жетіспейді. Ұлы тұлғалардың нақыл сөздері жазылған тақтайшалар көбейсе жақсы болар еді", – деді қала тұрғындары.

Айта кетейік, Сайран көлін абаттандыруға бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінген. Маусым айында бұл жерде екі адам суға кетіп қайтыс болған соң, көл аумағы қоршалды. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары судың сапасына қатысты да ескертулер жасаған.

Egov порталындағы мәліметтерге сәйкес, "Павлодар өзен порты" "Сан" ЖШС-ға тиесілі. Ал бұл серіктестіктің иелері – 41 жастағы Долорес Пшембаева мен 21 жастағы Анетта Сағынбек. Долорес – бұрынғы мәжіліс депутаты Мейрам Пшембаевтың қызы және бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаевтың жиені.


Сайран көліндегі су сапасы нормативтерге сәйкес келмейді – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті


Алматыда екі адамның қазасынан кейін Сайран көлі қоршауға алынды


Еске салайық, күні кеше алматылық тұрғын Әлия Байбуға Сайран көлінің санитарлық жағдайына алаңдап, адамдардың ластанған суда шомылып жүргеніне шағымданды. Ол қоғамдық тәртіптің сақталмауы мен тазалықтың жоқтығын сынға алды. Әлияның айтуынша, көл айналасы үнемі лас, ал көліктер заңсыз тұрақтайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы көлге мониторинг жүргізіп жатқанын, мамыр-қыркүйек аралығында су сынамалары алынатынын хабарлады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 10:01
Талқылау
`