Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"80 келіден 30 келіге дейін арықтадым": "Алматы-2" вокзалының қасбеті құлап, мүгедек болған жігітке өтемақы төленбеген

"Алматы-2" теміржол вокзалында қасбет құлап астында қалған жігіт мүгедек болып қалды. Бір жылдан бері төсек тартып жатыр. Науқасы жанына батқаны соншалық бірнеше рет өзіне қол салмақ болған. Ал теміржол вокзалының басшылары бір тиын да өтемақы төлемеген.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Алматы-2" вокзалының мәрмардан жасалған қасбетінің бір бөлігі опырылып құлап, сол жерде тұрған Ерболатты басып қалған. Салдарынан үш бел омыртқасы, сегіз қабырғасы, екі аяғы сынып, бас-ми жарақатын алған. Ауруханада бірнеше ота жасалып, үш айдай жатқан. Сол уақыттан бері ауыр сырқаты жанына батып, түнде ұйықтаудан қалыпты.

Жұлынына зақым келгендіктен белінен төмен жан кеткен. Екі аяғы сал болып қалған. Өзгенің көмегінсіз орнынан да қозғала алмайды. Науқасы жанына батқандықтан ауырсынуды басатын дәрі салып келіпті. Қазір ол дәрі де көмектеспейтін болған.

"Қабырғам, омыртқам, қабырғаларым ұйықтатпайды. Түнімен ауырам. Түнімен ұйықтай алмаймын. Сексен келі тартатын едім, қазір 30 келі тартамын. Вокзалдың ешқандай көмегі жоқ", - деді зардап шегуші Ерболат Мэлс.

Ерболатқа анасы қарап отыр. Үсті-басын тазалап, тамағына дейін береді. Баласы мен өзінің зейнетақысы дәрі-дәрмектен артылмайды екен. Ал теміржол вокзалының басшылығы тарапынан ешқандай көмек болмапты. Қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама денсаулығына аса ауыз залал келген деген қортынды шығарыпты. Бірақ, кінәлі тұлға анықталмаған. Туыстары шетелдік, отандық дәрігерлерге қаратуға қаражаттан қиналып отырғанын айтады.

"Әбден қиналып біттік нервничит етіп, бұл баланың өзі алғашқы кезде неғылмап еді. Үйге келгеннен кейін білді. Өмір сүрмеймін деп өзіне неше рет өзіне не жасады. Өлем деп. Қол салмақ болды. Бірнеше рет", - деді Мейрамкүл Қамбарова. 

Алматы-2" вокзалының бүлінген жерін қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінген. Қазір қасбетінің жымын білдірмей қалпына келтіріп қойған.
Оқыс оқиға өткен жылы қаңтар айында орын алған. Осы оқиғадан кейін қалалық әкімдік вокзалдың қасбетін беріктендіруге 40 миллион теңге бөліпті. Ал вокзал әкімшілігі жәбірленушіге бір тиын да төлемеген.

Алматы электрокөлік мекемесінің басшылығы шығындарды тек сот арқылы ғана өтеп береміз деп отыр. 

"Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті ешқандай ақпаратты барлығына айта алмаймыз. Және де зардап шеккен адамдарға ескертіп айтқанбыз. Егер сізге қандай да көмек керек болса, азаматтық сотқа шағымдана аласыз деп. Себебі, біз мемлекеттің қарамағындағы компания болғандықтан біз өз еркімізбен ештеме шеше алмаймыз", - деді "Алматы электротранс" компаниясының бас маманы Айдос Мұсанов.

Бір тиын да өтемақы ала алмаған зардап шегушінің туыстары азаматтық сотқа жүгінген. Енді Ерболат сот оң шешім шығарып береді деген үмітте.

Талқылау