"Алқаптың бәрі қурады": ШҚО-дағы бірнеше ауылдың егіс алқабы биыл тағы да сусыз қалды
Шығыстағы Күршім ауданының егіс алқабы биыл тағы да сусыз қалды. Қауын-қарбыз бен басқа да майлы дақылдар егіп, күн көріп отырған ауыл тұрғындарының көңілдері күпті. Басы ауырып, балтыры сыздаған егіншілердің мәселесіне әзірге ешкім қолұшын созбай отыр. Шаруаларын арыз-тілегін Stan.kz тілшісі тыңдады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр көктемде Күршім өзеніндегі "Мойнақ" бөгеті жырылып, шаруалардың еккен еңбегі мен төккен тері далаға кеткен еді. Бірлік, Сарыөлең және Барақ батыр ауылдары сусыз қалған.
"Егістікті суару үшін Күршім өзенінен жырып әкеліп, су қоймасын салған болатын. Бөгет жарылғаннан кейін Күршім өзені өз арнасына түсіп, алқапқа су шықпай қалды. Мұнда егін суаратын су жоқ, егістік егуден қорқып отырмыз. Былтыр алқаптың бәрі қурап қалды. Зиян шектік. Ала жаздай арнада қалған аз ғана суға таласып, шаруа қожалықтары арасында жанжал шықты", - дейді шаруашылық иесі Ержан Қойлыбаев.
"Мойнақ" бөгетінде қазір ие жоқ. "Қазсушар" мекемесі "Жауғашты" каналын ғана 2016 жылы қарамағына алған. Ал Мойнақтың маңыздылығын жете түсіне алмай отыр деп налиды шаруалар.
"Күршім ауданының халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мал азығының 80 пайызы Жауағашты тоғанынан дайындалады. 12-13 мың гектар жер осы арқылы суландырылады. 3-4 ауылдың халқы бұл каналдан су алып, жеміс-жидек егіп отыр. Маңыздылығы осы", - дейді Ержан Қойлыбаев.
Мойнақ бөгетіндегі су көмейден Жауғашты каналына түседі. Ал ортадағы сүзгі кептелген қоқыстың кесірінен әлі жабық тұр. Көмейден бөлініп шыққан су 25 шақырым болатын Жауғашты каналы арқылы етектегі елдің егініне жетуі тиіс. Бірақ соңғы 15-20 жылда ол бірде бір рет тазаланбаған.
"Қазсушар" РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржанов мәселенің шешімі қаражатқа тіреліп тұрғанын айтуда.
"Күршім ауданы әкімдігі қабылдаған соң, бізге республиканың меншігіне тапсырады. Ол бізге тапсырылған соң, республиканың меншігінен бюджеттен ақша сұраймыз. Бұл жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап қайта жаңғырту үшін", - дейді Нұржан Әміржанов.
Былтыр тұрғындар су қоймасының жарылуын жауапты мекеменің жауапсыздығынан көрген. Себебі олар осыдан 2-3 жыл бұрын бөгеттің апатты жағдайда екенін басшылыққа айтқан. Бірақ ауыл адамдары аталған мекеменің аудандық бөлімінде бір ғана адам жұмыс істейтінін жеткізді. Яғни, осы жердің басшысы да, жұмысшысы да біреу.
"Су қоймасы мен өзен арнасының қоқсықтары тазартылмай, көмейдің аузын бітеп тастады. Содан су толып, ақыры жарылды. Бұл – жауапты мекеменің салғырттығы. "Қазсушар" мекемесінің аудандық бөлімінде жұмысшы мен техника күші жетпейтін сияқты. Бір адам ғана жұмыс істейді. Яғни, осы жердің басшысы да, жұмысшысы да бір адам. Бөгет жарылғаннан кейін ғана қосымша бір техника мен екі жұмысшы жұмылдырылды", - дейді Ержан Аханұлы.
Егіншілердің мәселесі бұнымен тынған жоқ. Мұнда былтыр егістік алқабын суару үшін 1 гектар жерге төленетін суақысы да айтарлықтай қымбаттаған.
"Былтырға дейін 1 гектар жерді суаруға 900 теңге шамасында ақы төлеп келдік. Баға 2355 теңгеге бір-ақ өсті. Сонда олар бағаны неге негізделіп өсіріп отыр? Тіпті, халықпен ақылдасқан да жоқ. Төлеген ақымызға қарай суды қажетті мөлшерде алмадық", - дейді ауыл тұрғыны Ержан Аханұлы.
Айта кетейік, жуықта Шығыс Қазақстан облысына ҚР Мәжіліс депутаттары Зарина Камасова, Еділ Жаңбыршин, Ерлан Саиров келген. Аталған мәселеге Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пікір білдірді.
"Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарында биылғы егістікті суару мәселесі өте мүшкіл жағдайда тұр! Бұл жақтағы бүкіл гидроқұрылыстар республикалық "Қазсушар" кәсіпорны еншісінде. Өткен жылы Күршім ауданы Жауғашты гидроузелін су шайып кеткен. Себебі, бұл су торабы 30-40 жыл жөндеу көрмеген. Нәтижесінде, 5 елді мекеннің 79 шаруа қожалығының 3933 гектар егістік жері, 669 жеке қосалқы шаруашылықтан 185 гектар бау-бақшалық жері сусыз күйіп кетті. Зайсан ауданындағы Үйдене плотинасына соңғы рет жөндеу 1983 жылы жасалған. Плотина қаусап тұр! 73 млн. куб. м. су жинауға қабілетті плотина бар жоғы 21 млн. куб жиған. Осының нәтижесінде 10 251 гектар суармалы жердің 5251-і игерілмеуде. Яғни, 5580 тонна дәнді дақыл, 1925 тонна картоп, 1575 тонна көкөніс, 8856 тонна майлы дақылдар кем өндірілуде. Жөндеу жұмыстары бүгін-ертең басталатын түрі жоқ! Тарбағатай ауданы Қандысу плотинасының жөндеу күткеніне 22 жыл болған”, – деп жазды мәжіліс депутаты.
Шекара шебінде орналасқан ауыл тұрғындарының мәселесі нақты қашан шешім табатыны әлі күнге дейін белгісіз. Ең қиыны, биыл шаруалар "егістік еге ме, жоқ па?" деген сұрақ туындайды. Екпесе, қыста мал азығы тапшылығы туындайтыны сөзсіз.
Дайындаған: Таунар Қайратұлы

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
