Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала зорлады деп айыпталғандарды алқабилер ақтап шықты: Елімізде қазылар сотына сенім бар ма

Алқабилер сотына қатысты қоғам сын айтуын тоқтатар емес. Қарапайым халықтан бөлек, прокуратура қызметкерлері мен судьялардың өзі алқабилер сотына сенім арта бермейтін көрінеді. Бұған халық сотының өкілдері айыпталушыны жиі ақтап алатыны себеп. Тайға таңба басқандай дәлелдер бола тұра, қазылар күдіктіні толығымен ақтау туралы үкім шығаратын кездер де болады. Осыған орай, Stan.kz тілшісі алқабилер сотының ерекшеліктері мен жүргізілу үрдісі жайлы анықтап көрді. Бұл туралы адвокаттар мен қоғам белсенділерінің пікірін тыңдады. 

алқабилер соты

Алқабилер - бұл кәсіби емес судьялар, қылмыстық істі сот талқылауына кәсіби судьямен тең дәрежеде қатысатын қарапайым азаматтар. Алқабилердің қатысуымен өтетін соттың іс жүргізу тәртібі қылмыстық іс жүргізу кодексінің 630-бабымен анықталады. Қылмыс жасады деп айыпталған әрбір азамат алқабилер сотына жүгіне алады. 

Алқабилерге белгілі бір істі қарау аяқталғаннан кейін аудандық сот пен оған теңестірілген сот судьясының лауазымдық еңбекақысының жарты мөлшерінде жалақы төленеді. Алқаби ретінде таңдалған азамат өзінің негізгі жұмыс орнын сақтайды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істерді 1 судья мен 10 алқаби қарайды. Алқабилер ретінде 12 адам сайланады, оның екеуі резервке алынады: егер алқабилердің негізгі құрамынан белгілі себептерге байланысты азамат шығарылса, оның орнына резервтегі адам келеді. 

Алқабилер соты айыпталушының кінәлі-кінәсіз екенін анықтайды, егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған қандай жаза тағайындалатынын шешеді. Жалпы алғанда, өткен жылы елімізде алқабилер қатысуымен 45 сот отырысы өткен.

Соңғы кездері алқабилер сотының әділ өтуі туралы қоғамның пікірталасы одан сайын күшейе түсті. Әсіресе, Ресейде белгісіз себептерге байланысты көз жұмған Томирис Байсафаның өліміне күдікті мен Ақмола облысында 12 жастағы қызды зорлады деп айыпталған азаматты қазылар сотының ақтап алуы отқа май құя түсті. Оған дейін де алқабилер соты Шығыс Қазақстан облысында өгей балаларына қорлық көрсетіп, зорлау әрекеттеріне барды деген күдікке ілінген азаматты ақтаған еді.

Осындай жағдайлар көріп алқабилер сотына сенім жоғалады деген "Немолчи" қорының президенті, қоғам белсендісі Дина Смаилова соттың бұл түрінен бас тарту қажет екенін айтады. 

Алқабилерді өз дегеніңе сендіру оңай

Өз басым алқабилер объективті түрде шешім шығарады деп ойламаймын. Себебі біздің ұйым алқабилер сотының шығарған әділетсіз шешімдерімен бетпе-бет келіп жүр. Олардың педофилдерді ақтайтынын да талай рет көргенбіз. Қазылар сотының мүшелері  - қарапайым, заң саласынан хабары жоқ азаматтар, олар заң тұрғысынан қылмысқа баға бере алмайды. Ал егер алқабилер заңнан хабарсыз болса, олардың пікіріне судья ықпал ете алады. Бұған қоса, алқабилердің бір мүшесі өзінің мүддесі үшін әрекет етіп, сот төрешісі ретінде тектен-тек отырмауы мүмкін. Міне, осының салдарынан орынсыз үкім шығарылады.

Осыған дейін өгей қызын алты жасынан он сегіз жасқа толғанша зорлап келген азаматтың бауырлары сотқа 18 куәгерді ертіп әкелді. Олар өз кезегінде жәбірленуші туралы айтпағанды айтып, анасы екеуіне жала жапты. Алқабилер бұл адамдарға сеніп қалды, ал анасы мен қызының сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Әрине, 18 адам келіп, бірнәрсені қайталап тұрса, бұған кез келген адамның бірден сеніп қалары анық.

 

Алқабилерге толық ақпараттың берілмеуі - соттың оларға сенбейтінін көрсетеді

Тағы бір айта кетерлік жайт, алқабилерге толық ақпарат жете қоймайды. Мәселен, осы оқиғада судья алқабилерге айыпталушыға педофилия диагнозы қойылғанын айтпауға бұйырды. Өйткені бұл олардың шешіміне әсер етуі мүмкін еді. Судья бұл туралы біледі, ол бұған объективті түрде қарайды. Ал алқабилердің пікіріне күдіктінің диагнозы әсер етені сөзсіз. Яғни, қазылар бұл іске келгенде объективті емес баға беруі ықтимал.

Бұдан өзге, алқабилерге айыпталушының бұрын сотталғаны туралы да айтылмайды. Себебі олар шешім шығарарда осыны негізге алатыны анық. Сонда бізде судья ғана объективті болып тұр. Ал алқабилер шешім шығаруға құлықсыз. Яғни, сот жүйесінің өзі алқабилерге сенім білдірмейді. Мұндай сот үрдісі циркке айналады деп айтуға болады

Азаматтар сотқа айғақтарды алып келіп тұрса да, оны көрсете алмай кетеді. Ал бұл өте маңызды дәлелдер болуы мүмкін. Егер қазақстандықтардың дүниетанымы, көзқарасы ашық болса, әрине, алқабилер соты әділ шешім шығарар еді. Алайда біздің елімізде алқабилер тұрмақ, қарапайым куәгерлердің өзі ойын білдіре алмайды. Сондай-ақ, алқабилер шығарған шешімдері үшін жауапкершілік алмайды. Мысалы, судья дұрыс үкім шығармаса, оған шағымданып, оның жауапқа тартылуын талап ете аламыз. Немесе істің жүргізілуіндегі қателіктерді көрсете аламыз. Ал алқабилер не түсінеді? Олардың мамандықтары заң саласына мүлдем жат.

 

Біздің қоғам алқабилер сотына дайын емес

Біздің елде жәбірленушіге адвокат тағайындалмайды, ол сотқа адвокатсыз барады. Ал айыпталушы мықты, ісінің нағыз маманын сотқа өзін қорғауға жалдайды. Сөзге көсем адвокат отырған алқабилерді айтқандарына оңай сендіре алады. Ал жәбірленуші болса, өзін қорғауға сөз таба алмай, басын салбыратып тұрады. Бұны әділетсіз жекпе-жек десек болады. Сотта құрбанның құқығы қорғалмаған, барлық назар айыпталушыны негізсіз соттап жібермеуге аударылады. Менің тәжірибемде, соңғы екі жыл ішінде алқабилер соты педофил деп айыпталған төрт азаматты ақтады. Бұл дұрыс емес. Біздің қоғам алқабилер сотына дайын емес, бізге бұл соттың қажеті жоқ. 

 

Заңгер, адвокат Джохар Өтебековтың сөзінше, алқабилер сотының үкімі дәстүрлі судьялар жүргізетін соттың шешіміне қарағанда сенімдірек. 

 

Кәсіби судья билікке тәуелді

Негізі Қазақстанда кәсіби судьяның шешіміне қарағанда алқабилер сотының үкімі көбірек сенім ұялатады. Өз басым алқабилер сотының құзыреттілігін бір ауыздан қолдаймын.

Алқабилер судьяға қарағанда он есе көбірек ақтау туралы үкімі шығарады. Жеңіл жаза мен істің жеңіл квалификацияға ауыстырылу мүмкіндігі де алқабилер сотында әлдеқайда жоғары. Бұл біріншіден саяси себептерге байланысты. Кәсіби судья іс жүзінде өзінен жоғары аудандық, облыстық немесе Жоғарғы сотқа бағынышты. Яғни, олар өзінің мансабы, лауазымы, әлеуметтік жеңілдіктерді ойлап, бастықтарының айтқанын орындауы мүмкін. Негізі іс жүзінде әрбір судья өзіне-өзі төре. Бірақ шын мәнінде олай емес.

Біздің сот өздерін құқық қорғау жүйесінің бір бөлігі ретінде санайды, тергеу органдары мен прокуратурамен бірігіп, қылмыспен күресу керек деп ойлайды. Өз кезегінде, прокуратура статистикаларының жаман жаққа өзгеріп кетпеуін талап етіп, соттың ақтау үкімін шығармауына қысым жасайды. Бұған қоса, адами факторлар да бар. Мәселен, судьялардың көбі - сотқа тергеу органдарынан, прокуратурадан келген адамдар. Ең өкішініштісі, ондай судьялар психологиялық қайта даярлаудан өтпейді. Яғни, олардың бұрынғы жұмыстары санасында сіңіп қалады. Олар әлі өздерін құқық қорғау органының өкілі деп санайды. Міне, осылайша соттың айыптау үкімдеріне басымдылық беруі қалыптасады. Судьялар ешкімге білдірмей, прокурормен, тергеушімен кеңесіп, күдіктіге қандай үкім шығару керектігін талқылайды. Сондықтан елімізде алқабилер сотына сену орынды деп ойлаймын.

 

Судья алқабилерге қысым көрсетуі мүмкін

Көп жағдайда судья алқабилердің айыпталушыны ақтауына қарсы болып, оларды  мұндай шешім шығармауға көндіруге тырысады. Кейде істің жеңіл квалификацияға өтуін немесе жеңіл жаза тағайындалатынын айтып, уәде береді. Осылайша, алқабилердің шешімі бұрмаланып, қоғамның наразылығын тудырып жатады. Алқабилер кеңесі бөлмесіндегі айтылғанды жариялағаны үшін әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Ал бұны оларға қысым ретінде қолданып жатады. Дей тұрғанымен қазылардың саны он, ал судья біреу ғана. Сондықтан олардың барлығына бірдей сес көрсету мүмкін болмайды. Бұған қоса, бұл заңға қайшы. Өзім сот қазыларына жасалған қысым жайлы естімеппін, ал судьялар болса, сот төрағасының немесе аудан сотының тарапынан үнемі қысымға ұшырайды.

Біздің елдегі сот төрелігінің жағдай өте қорқынышты деуге болады. Тіпті, сырттан біреуді әкеліп отырғызып қойсаң, ол адамның өзі судьяға қарағанда әділ шешім шығарады. Ал алқабилер үшін айыпталушының кінәлі еместігін көрсететінін айғақтар келтірілсе, күдіктіні ақтау қиынға соқпайды. Алқабилер құқыққа қатысты емес, фактіге байланысты мәселелерді шешеді. Айыптаушы және қорғаушы тараптың сөзін тыңдап, айғақтарды зерттеуге атсалысып, байсалды азамат ретінде өзінің қорытындысын шығара алады.

 

Алқабилер соты дәстүрлі сотқа қарағанда айыпталушыны жиі ақтайды деген пікірмен Нұр-Сұлтан қаласының адвокаттар коллегиясының мүшесі Шыңғыс Сейфулла да келіседі. Бұл тұрғыда ол қазылар сотында айыптауға басымдылық берілмейтіні және билікке тәуелді еместігін алға тартты.

 

Алқабилер сотының үкімі бұзылмайтын қамал емес

"Халық сотының" дәстүрлі соттан айырмашылығы - мұнда кінәсіздік презумпциясы принципі толығымен жүзеге асырылады. Cот қазыларын таңдауға мұқият көңіл бөлу керектігін атап өткен жөн. Өйткені қателіктің арты қиындыққа алып келеді. Алқабилер соты күдіктіні тек ақтап, бостандыққа жіберіп қана қоймай, оны өмір бойына түрмеге қамай алады. Қазылар сотының мүшелері кәсіби судьяларға қарағанда қоғамның пікіріне сенуге бейім екенін ұмытпау керек. Яғни, алқабидің көзқарасына әсер етіп, оның айыпталушы туралы біржақты ойының туындауына әсер ету әлдеқайда оңай. Сондықтан егер қоғам бұл іске қатысты шулап, күдіктіге тісін қайрап отырса, сотта алқаби болудың қажеті жоқ.

"Өкінішке орай, "халық сотының" үкімі бұзылмайтын қамал емес. Қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына орай алқабилер әділетті ақтау үкімін шығарса да, оны қайтарып жіберуге болады. Кейбір кездері мұндай жағдайлар кездесіп те жатады. Менің ойымша, бұл алқабилер соты түсінігіне түбегейлі қайшы. Себебі бұл жағдайда айыптаушы тарапқа "екінші мүмкіндік" беріледі. Сондықтан алқабилер сотына сенбей тұрып, істің жүргізілу барысына дұрыс баға берген жөн.

 

Қазақстанға алқабилер соты қажет

Заң саласынан хабары болмауы алқабилердің әділ үкім шығаруына әсер ете қоймайды. Соттың бұл түрі жүргізген істердің саны аз болғандықтан адвокат ретінде алқабилер сотына әлдеқандай баға беру қиын. Десек те бізге алқабилер соты ауадай қажет дегім келеді. Себебі дәстүрлі соттарда қорғаушы тарап әділ әрі объективті шешім таппайды, оның келтірген дәлелдеріне ешкім құлақ аспайды. Ал сотта айыпталушының ақтау туралы шешім шығаруы үшін адвокат қанша тер төгеді. Бізде кінәсіздік презумпциясы мүлдем ескерілмейді. Негізінен сотта қорғаушы тарап пен айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес, керісінше, тергеуші күдіктінің кінәсін 100% көрсетуі керек. Бірақ біздің елде бұлай емес.

Алқабилер соты десе ат тонын ала қашудың қажеті жоқ. Керісінше, мұндай соттың құзыретін кеңейтіп, оған көбірек жүгінуге тырысу қажет. Алқабилер тек аса ауыр қылмыс бойынша ғана емес, ауыр қылмыстарға қатысуы керек. Бұл екі жақтың құқықтары теңдей болуын қамтамасыз етеді. Бірте-бірте қорғаушы және айыптаушы тарап арасында теңдік орнайды. Соттың күдіктіні тек қана айыптауға басымдылық беруі жойылады. Сондықтан алқабилер соты біздің еліміздің құқықтың жүйесіндегі тығырықтан шығудың жолы деп айта аламын.
Талқылау