"Тіпті күйеуім теріс айналды": Алика Мұхамадиеваға прокурор 4,5 жыл түрме жазасын сұрады
Фото: Stan.kz
Қарағандыда қоғам назарын аударған Алика Мұхамадиева ісі бойынша сот тыңдалымы жалғасуда. Бүгін Қазыбек би ауданының прокуроры Фарида Сәдуова айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокурордың айтуынша, Мұхамадиева жасаған ісі ауыр санаттағы және қасақана жасалған қылмыс болып табылады.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 11-бабына сәйкес, аталған іс ауыр санаттағы және қасақана жасалған қылмыстар қатарына жатады. Ол адамзат пен қоғам қауіпсіздігіне қарсы бағытталған құқықбұзушылық. ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ең жоғарғы жаза — 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
“Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, 2002 жылдың 21 тамызында туған Мұхамадиева Алика кінәлі деп танылсын және оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленсін", – деді ол.
Айыпталушының өзі істеген ісіне өкінетінін айтып, екінші мүмкіндік беруді сұрады.
"Өз кінәмді түсіндім және істеген ісіме шын жүректен өкінемін. Қазір мен екі жастағы кішкентай қызымды тәрбиелеп отырмын. Ол бірнеше айдан бері менсіз, ана мейірімінсіз өмір сүріп жатыр. Бұл сынақ мен үшін нағыз өмірлік сабақ болды. Мен отбасымнан, жақсы атымнан, еркіндігімнен айырылдым… Бірақ ең ауыры — бәрі менен теріс айналды, достарым да, тіпті күйеуім де", — деді Алика Мұхамадиева.
Сотта әйел қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып отырған әкесіне алғыс айтып, кешірім сұрады.
"Кешір мені, әке. Сенің атың мен тегіңді ұятқа қалдырғаныма қатты өкінемін. Күн сайын үлкен кезекке қарамастан маған келіп, анамның тамағын әкеліп жүргеніңе рахмет. Сіздерге қатты ризамын", — деді әкесіне айыпталушы.
Сонымен қатар прокурор айыпталушының 2023 жылы туған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдыруды ұсынды.
"Бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді 4 жыл мерзімге кейінге қалдыру, бірақ оның кәмелетке толмаған баласы 14 жасқа толғанға дейін ғана мүмкіндік беру ұсынылады".
Сот үкімі алдағы уақытта жарияланады.
Еске салсақ, осыған дейін желіде қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева екі айға қамауға алынғаны туралы жазған едік. Оның ұсталуына "Қазақстан несімен танымал?" деген сауалға "мамбетами" деп жауап беруі себеп болған. Сондай-ақ ол қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді "полукалбитский диалог" деп келемеждеген.
Қарағанды облыстық полиция департаменті қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша іс қозғалғанын растады. Бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полицияның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу аясында күдікті елден кетпек болған. Кейін оның екі айға қамалғаны белгілі болды. Алғашқы сот отырысында Алика Мұхамадиева ісі үшін ұялатынын айтты.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
