Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұптардың 40%-ы лудоманияның кесірінен ажырасады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдіктен кейін екінші орында тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет басшысы соңғы жылдары лудомания (ойынға тәуелділік) өзекті мәселеге айнала бастағанын айтып, дабыл қақты.

“Ажырасулардың 40%-ы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдіктен кейін екінші орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды. Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңгейін 25 жасқа дейін көтеру. Сондай-ақ борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған”, – деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, осы және басқа да шаралар Қазақстандағы лудомания мәселесінің шешімін табуға бағытталған. 

“Расымен лудомания жаппай белең алып кетті. Тиісті нормаларды заңнамаға енгізу мерзіміне келетін болсақ, бұл Парламенттің қаншалықты жылдам қабылдауына байланысты. Жақын арада деп ойлаймын”, – деп сөзін қорытындылады Үкімет басшысы.

Талқылау