Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегім ауырып, қатты қиналдым": Әнші Әли Оқапов даулы мәселеден кейінгі жағдайын айтты

Әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденімен марапатталғанын сынаған тыңдармандарына өкпелі. Жүрегіне ауыр тиіп, тынысы тарылғанын да жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі өнер иесінің Динара Сәтжанға берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденімен марапатталып, кейін жұрттың сынына қалған еді. 

“Жарты жыл бұрын министрлік менің өмірбаянымды сұрады. Мен барлығын бір файлға жинап, дипломдарымнан бастап түгел марапаттарымды өткіздім. Базаға тіркеуге керек шығар деп ойладым. Ондай орден беретінін маған ешкім айтқан жоқ. Бір күнде Астанаға шақырып, марапаттап тастады. Мерекелік жиын басталмай тұрып, Дәурен Абаев бейресми кездесу өткізді. Эстрададағы мәселелер туралы сұрады. Сол кездесудің ресми форматы үлкен залда болады деп ойлап тұрдым. Тіпті, менің сөмкемде өзіммен бірге болашақта жасайтын жобаларымның электрон нұсқасы да жүрген. Сұрап қалса көрсете қоямын деген. Жағдайдың ондай болмағанын бәріңіз көрдіңіздер”, – деп баяндап берді Әли. 

Бірақ өнер иесі “мені де марапаттап қалса” деген ойдың болғанын жасырмайды.

“Алдымен “Барыс”, одан кейін “Парасат” кейін “Құрмет” ордені иегерлерін марапаттады. Қолымда ұялы телефоным да болмады, сол жерде үлгергендер фотоға түсіріп алды. Бірнеше адам құттықтады. Ойда ештеңе жоқ, түскі ас ішуге Тұрсын Алагөзовпен кетіп қалдым”, – дейді әнші. 

Айтуынша, желіге жүктегеннен кейін, бір-екі жағымсыз пікірді оқып мән бермеген. Алайда жағдай әнші ойлағаннан да күрделі болып шықты. 

"Астана қаласында сұхбаттан шығып, мейрамханада досыммен отырған кезде бір журналист маған хабарласып "Құрмет" ордені туралы сұрақ қойды. Мен журналиске ол туралы ештеңе айтқым келмейтінін, бұның жай ғана награда екенін айттым. Алайда ол менің сөзімді аудиожазба етіп жариялап жіберген”, – дейді өнер иесі. 

Даулы мәселеден кейін барлық наградадан бас тарту шешімі де оңайға соқпаған.  

"Маған белгісіз нөмерлерден сілтемелер келе бастады. Ашып қарасам Тәңірберген Бердіоңғаров мен туралы жазба жариялапты. Халық та оның сөзін қолдаған. Сол кезде жүрегім ауырып, қатты қиналдым. Тіпті, енді қалай өмір сүремін деп те ойладым. Бірден ойыма марапаттан бас тарту келді. Бірақ осы күнге дейін ешкім мемлекеттік марапаттан бас тартпаған екен. Бұл тұрғыда заң да қарастырылмаған. Тек ауыр қылмыс жасасаң ғана өздері тартып алады екен, – дейді ол. 

Тыңдарман тарапынан теріс пікір көбейген сайын әнші барлық марапатынан бас тарту ойына беки түседі. 

“Түнде Астанадан қайттым. Не істерімді, кімге барарымды білмей әуре-сарсаңға түстім. Бар ойым – жағдайды түзеп, халыққа істің ақ-қарасын түсіндіру болды. Содан кейін видеоүндеу жолдап, өнерден алған барлық марапатымнан бас тартамын деп шештім. Ол ойым да жүзеге асып, әлеуметтік желіге жүктедім. Содан кейін әріптестерім мені қолдап, хабарласып жатты. Марапаттарыңды қайтарма, ол – сенің еңбегің мен жеңісің деген жұбату сөздерді де айтты”, – дейді әншінің өзі. 

Еске салайық, орден алам деп басы дауға іліккен әншінің денсаулығы да сыр беріп, салмақ тастаған. 

Талқылау