Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төртінші кездесуден кейін сөз салдым": Қазақстандық жігіт компьютер ойынында танысқан қызға үйленді (видео)

Жақында PUBG ойыны арқылы танысып, отау құрған екі жас желіде қызу талқыға түскен еді. Жеті рет кездескеннен соң үйленген жас жұбайлар Stan.kz тілшісіне үйленгенге дейінгі қадамдары туралы айтып берді. 

Күйеуімнің батылы жетпей жүргенде жанындағы жігіт бірінші қадам жасады

Қалыңдық Альбинаның айтуынша, жолдасы Думанмен өмірлік жолы 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін тоғысқан. 

“Мен Таразданмын, ал жолдасым Талдықорғаннан. Қаңтар оқиғасы кезінде бір аптадай интернет болмады. Ол кезде ойын да жайына қалған еді. Арада 10 күндей өткен соң интернет қосылып, ойынды қайта бастадым. Сол уақытта танысым мені ойынға шақырып қоймаған соң кіріп ойнап көрдім. Ойында танысымнан бөлек екі бөтен жігіт болды. Сол үшін микрофонды өшіріп тастап ойнап жүрдім.  

Ойындағы лақап атым “Queen” болатын. Екі жігіт: “Queen” – ханшайым деген мағына береді, демек, бұл боттардың ханшайымы болды ғой”, – деп күлді. Осы сөзден кейін үндемей отыру мүмкін болмады. Оларға: “Басқа қыздар сияқты емеспін, ойнай аламын” деп айттым", – деді қалыңдық күйеуімен таныстығының алғашқы сатысы туралы.

Алайда Альбинаға күйеуінен бұрын оның жанындағы жолдас баласы танысуға ниет білдірген. 

"Жақсы ойнап отырғанбыз. Өзім қосқан танысым интернеті істемей ойыннан шығып кетті.  Бөтен жігіттермен жалғыз қалдым. Ойын біткен соң шығып кеттім. Кейін қайта кірсем, жаңағы екі жігіт дос болуға өтініш жіберіпті, қабылдадым. Бірақ көп уақыт ойнамай қойдық. Күйеуім менімен сөйлесуге батылы жетпей  жүргенде жанындағы жігіт бірінші қадам жасап, Instagram аккаунтымды сұрап, танысуға ниет білдірді”, – деді Альбина. 

Жеті кездесуден соң үйлендік

Қалыңдық әрі қарай күйеуінің таныстықтан тойға ұласқанға дейін қандай қадамдар жасағанын сөз етті. 

“Жанындағы екінші жігітпен сөйлесіп жүргенімде бір күні күйеуім жаза бастады. Сол кезде өз адамы екенін сезген болуы керек, күйеуім жанындағы жігітке ол қызбен мен сөйлесіп жүрмін, уақытыңды құр кетірмей-ақ қой деген екен. Сосын әлгі жігіт жоқ болды. 

“2022 жылдың наурызында туған күнімде бірінші рет кездестік. Алматыға тәжірибе есебін тапсыруға барғанмын, ол да менімен жолығуға келді. Егер сөйлеген сөздері, іс-әрекеті ұнаса, осы қызға үйленемін деген оймен келген екен. Екінші рет мен мемлекеттік емтихан тапсыруға келгенде кездестік. Үшінші кездесу диплом алған кезімде болды. Төртінші рет оның туған күнінде кездестік. Сол күні маған үйленуге ұсыныс жасады. Бесінші кездесуде ата-анамыз танысып, тәтті шай болды. Алтыншы рет сырға салуда көрдім. Жетінші кездесуде ұзатып алып кетті”, – дейді Альбина.

Қазіргі кезде жұп “ҚазАвтоЖол” компаниясында бірге жұмыс істейді. Енді ғана отау құрған олар әлі күнге дейін бос уақыт табылса, PUBG-ды бірге ойнайтындарын айтады. 

Айта кетейік, желіде PUBG ойыны арқылы танысып, отбасын құрған жұптың видеосы тараған еді.

Талқылау