Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Алғашқысына 8 жыл кетеді”: Қазақстанда алдағы уақытта үш АЭС салынбақ

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі алғашқы АЭС-тің құрылыс мерзімі қысқаруы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"АЭС-тің бірінші блогын салуға қандай да бір сын-қатерлер кедергі келтірмесе, 10-12 жыл кетуі мүмкін. Бірақ біз технология бір орнында тұрмайтынын түсініп отырмыз. Әлемдегі орташа мерзімдерді ескерсек, бірінші блокты 8 жылдың көлемінде салып бітіру үшін ресми вендорлардың алдына мерзімді жылдамдату туралы мәселе қоя аламыз", – деді ол.

Елде атом өнеркәсібін толыққанды дамыту үшін кемінде үш атом электр станциясын салу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.


Қазақстанда екінші АЭС салу бойынша референдум өткізіле ме – Министр жауап берді


"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда атом электр станцияларына арналған сорғы жабдықтары шығарылады. Бізде өндірістің өте үлкен ассортименті бар. Яғни, еліміздің барлық игілігін және бізде бар бәсекелестік артықшылықтарды толық пайдалану үшін, біздің есепте кем дегенде үш атом электр станциясын салу қажет", – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр екінші атом электр станциясын салатын жерге байланысты шешім жақын арада қабылданады деп сендірді.

"Балқаш бар, бірақ онда шамамен алты блокқа дейін орналастыруға болады. Курчатов алаңы бар, басқа да перспективті алаңдар бар. Олардың барлығын зерттейміз. Ақтауды да қарастырамыз. Мүмкін, онда өсу орталықтары бар шығар, оны да қараймыз. Бұл технологияға байланысты. Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстанды да міндетті түрде қарастырамыз. Алдын ала жұмыстар жүргізілді. Қоғам қайраткерлерімен де, табиғатты қорғау ұйымдарымен де тиісті талқылаулар өткіземіз", – деді Сәтқалиев.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан билігі алғашқы АЭС-ті Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңына саламыз деп шешім қабылдаған еді. 

Талқылау