Алғашқы феминистік ереуіл, қалыңмал мен әмеңгерлікке тыйым: Әйелдер құқығы үшін күрескен қазақ қыздары кімдер
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінің тарихы Копенгагендегі әйелдердің жалақы теңдігін талап еткенінен пайда болғаны белгілі. Бұл күнді Клара Цеткин мен Роза Люксембургтің әйел теңдігі үшін күресімен байланыстырады. Алайда сол кезеңде қазақ әйелдері де өз құқығын талап етіп, митингке шыққан еді. Stan.kz тілшісі қыздардың теңдігі үшін күрескен қазақ арулар туралы ақпарат жинап, назарларыңызға ұсынады.
22 жасында қазақ қыздарына мектеп ашқан Хұсни-Жамал Нұралыханова
Фото: Wikipedia
Хұсни-Жамал Нұралыханова – қазақтың тұңғыш әйел-ұстазы, ағартушы. Ол 1872 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келген, Жәңгір ханның немересі.
Хұсни-Жамал Нұралыханова өз ағаларының көмегімен хат таныған соң, Қазандағы Земская мектебіне барып оқиды. Содан кейін Ордадағы қыздар училищесінде сабақ беріпті. Мұнда тек орыс қыздары оқып жүргенін көріп, қазақ қыздарын сауаттандыру мәселесін көтереді.
Осылайша 1894 жылы 22 жасында қазақ қыздарына арналған мектеп ашады. Оқу-құрал, мектепке қажет нәрсенің барлығын Астраханнан инспектор Вознесенкий арқылы алдырады. Оның мектебінде танымал Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметова, т.б. қазақ қыздары білім нәрімен сусындады.
“Хұсни-Жамал апайдан бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйрендім. Ақылына көркі сай еді. Ол бізге оқу-жазуды, қоғамда өзін ұстауды, жүруді, қалай күтіну керегін, тіпті ән салып, би билеуді үйретті”, – деп жазды Әмина Мәметова.
Хұсни-Жамал 40 жасында Бақытжан Қаратаевтың інісі Арон Қаратаевқа тұрмысқа шығады, қызды болады. Осылай Оралға көшуге мәжбүр болған. Десе де Ордадағы мектебін қараусыз қалдырмай, үнемі хат-хабар алмасып отырды. Оралда да азаматтық белсенділігін көрсетіп, қазақ интеллигенциясының бас қосуларына қатысып жүрген. Оралдағы екі тілде жарық көретін "Қазақстан" газетінің шығуына септігін тигізді.
Қазан революциясынан кейін Арон концлагерьге алынып, мүліктері тәркіленді. Қызы Шахзаданы оқудан шығарып жібереді. Кейін Шахзада мен оның күйеуі ату жазасына кесіп, Хұсни-Жамал далада қалады. 1945 жылы қыздардың алғашқы ұстазы аштықтан көз жұмды.
Еркінен тыс күйеуге бергісі келгендерді сотқа берген Нәзипа Құлжанова
Фото: Wikipedia
Нәзипа Құлжанова – әйел құқығы үшін күрескер, қазақ даласындағы алғашқы журналист, аудармашы, этнограф, ұстаз. Құлжанова 1887 жылы Қостанай облысында дүниеге келді.
Ол өзінің және өзге қыз-келіншектердің құқығы мен еркіндігі үшін мойымай күрескен. Оны сәби кезінде құда түсіп (бесік құда), жастайынан күйеуге бермек болады. Ата-анасы қалыңмалын алып қойғандықтан, тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Бірақ жүрегі атастырған адамды қаламағасын ол прокуратураға жүгінеді. Өз құқығын Петербор сотында қорғап, жеңіп шығады. Ол еркінен тыс тұрмысқа беруді заңсыз деп тануға осылайша үлес қосты. Кейін өз қалауымен педагог Нұрғали Құлжановпен отау құрады.
Құлжанова "Қызыл Қазақстан", "Әйелдер теңдігі" басылымдарының журналисі әрі редколлегия мүшесі болды. Сонымен қатар "Қазақ", "Айқап", "Сарыарқа" және "Бірлік туында" мақалалар жазып тұрды.
Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің "Азамат Серіктігі" тобына мүшелік етті.
Қазақ әліпбиін дайындаумен айналысқан. Ыбырай Алтынсариннен тәлім алған торғайлық қыз Семей семинариясында ұстаздық та етеді.
"Сауатсыз адам – жартылай адам. Әйел – ұлттың анасы. Тек оқыған, білгір және еркін әйел ұлтын жаңа деңгейге көтере алады", – деп жазды Нәзипа Құлжанова.
Ахмет Байтұрсыновтың тапсырмасымен Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі білім беру бойынша ғылыми методиканы, “Ана мен бала” кітабын жазған.
Ол 1934 жылы туберкулез бен аштықтан қаза болды.
Әмеңгерлік пен қалыңмалға тыйым салғызған Алма Оразбаева
Фото: Wikipedia
Алма Оразбаева – ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ әйелдерінің құқығын қорғау үшін ереуілге шыққан алғашқы әйелдердің бірі.
Ол Жәңгір ханның орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, әрі қарай Симбирь орыс мектебінде оқыды. Бірақ әкесі қайтыс болып, оқу ақысын төлей алмағасын оқуын аяқтамады. Соған қарамастан Сейітқали Меңдешовтың мұғалімдік курсын оқиды. Бөкей ордасында сабақ берген.
25-Чапаев дивизиясында үгіт-насихат бөлімін басқарды, қазақ комиссариатының әскери істер бөлімінде жұмыс істеді.
1919 жылы ол большевиктер партиясының қатарына өткен ең бірінші қазақ әйел атанды. Партияда жүргенде, қалыңмал, әмеңгерлік, көп әйел алуға тыйым салу мәселесін көтереді, жесір дауын даулаған. "Қызыл киіз үй" бағдарламасы бойынша” ауылдарды аралап, әйелдерге құқығын түсіндіріп, оқу мен жазуды үйретті.
“Алма мені адам қылды. Әкем Сейсанғали кедейлердің кедейі болды. Амалы жоқтықтан мені 5 жасымда қалыңмалға сатпақ болды. Сарыбай деген бай кісінің ақымақ ұлына атастырған. Сол кезде Алма араша түсті. Қолымнан жетектеп, мектепке апарды”, – деп жазды ҚазКСР әлеуметтік қамту министрінің орынбасары Нұржамал Саналиева.
Оразбаеваның бастамасымен 1920 жылы қалыңмалға тыйым салатын декрет қабылданды. "Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы" авторларының бірі. Онда әйелдер барлық саяси және азаматтық құқыққа ие қоғамның тең құқылы мүшесі деп танылды.
1924 жылы Алма Берлинде өткен коммунист әйелдердің үшінші халықаралық конференциясына қатысты. Осылайша шетелге барып, көптің алдында сөз сөйлеген алғашқы қазақ қызы атанды. Онда Клара Цеткинмен кездесті.
1925 жылы Оразбаеваның мансабы шарықтап, Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті президиумы төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бүгінгінің түсінігі бойынша, бұл – ел президентінің міндетін атқарушы. 1926 жылы ол Лениннің әйелі Надежда Крупскаяға тікелей бағынатын Қазақ АКСР бас саяси ағарту басқармасының бастығы болды.
Сол жылы қайраткер Қызылордада қазақ әйелдеріне арнап тұңғыш кілем тоқу кооперативін ашты.
Саясатта көп өзгеріс әкелген Алма Оразбаева жеке өмірінде сатқындық көріп, онысы соққы болып тиеді. Оның сіңлісі күйеуінен жүкті екенін білген соң, күйзеліп, Томскідегі психиатриялық ауруханаға түсті. Жындыханадан шыққан соң, ел кезіп, Луговой станциясында қайтыс болады.
Әйелдер құқығы үшін ереуілге шыққан инженер Мәдина Бегалиева
Фото: Wikipedia
Мәдина Бегалиева – қоғам қайраткері, өндіріс озаты, қазақ инженер-металлургы және әйелдер құқығы үшін күрескер. Мәдина Бегалиева Алма Оразбаеваның замандасы, екеуі бір мектепте оқыған.
Ол Алмамен бірге мұғалімдік курсын оқып, кейін сабақ берді. Әйел құқығы үшін алғашқы митингті ұйымдастырды.
1924 жылы қаңтарда Орынборда өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің 1-съезіне делегат болып, атқару комитетінің депутаттығына кандидат болып сайланды. 1925 жылы сәуірде Шығыс әйелдерінің конгресіне қатысады.
Алма Оразбаевамен бірге “Қызыл үй” бағдарламасы арқылы әйелдерге өз құқығы туралы лекция оқыды.
1931 жылы Мәскеудегі марксизм-ленинизм курстарына түсіп, кейін Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясының студенті болды. 1935 жылы ол металлургиядағы қазақтан шыққан тұңғыш инженер қыз атанды.
1936-1940 жылдары Балқаш мыс балқыту зауытында инженер-металлург болып жұмыс істеді. 1938 жылы Бегалиеваның арқасында зауыттың үш мұржасында қою түтін пайда болды.
Оның феминистік қозғалыстарға бет бұруына құрбысы Бадиша Сейдалиеваны егде жастағы ер адамға тұрмысқа бергені әсер етті.
“14 жасар Бадишаны ақша үшін кәрі шалға күйеуге бергенде, жүрегім ауырды. Осыдан кейін қазақ қыздарының еркіндігі үшін күресемін деп шештім”, – деді ол.
Ең алғаш кесір тілігін жасаған, Еуропадағы шәкіртақыны жеңіп алған Гүлсім Асфендиярова
Фото: Aikyn.kz
Гүлсім Асфендиярова – жоғары білім алып, диплом иеленген алғашқы әйел-дәрігер. Ол інісі Санжар Асфендияровтан да бұрын медицинаға бет бұрған. Ол бауырлары сияқты әуелде үйден білім алып, тілге, әдебиетке, ғылым негіздеріне ден қойды. 10 жасында облыстағы ең беделді оқу орындарының бірі Ташкент әйелдер гимназиясына оқуға түсіп, оны үздік бітірді. Оқуын бітіріп келіп, мұсылмандарға сабақ берді.
1897 жылы Санкт-Петербургте әйелдер медициналық институты ашылады. Бұл – әйелдер жоғары медициналық білім ала алатын Еуропадағы бірінші университет. Асфендиярова осы оқу орны бөлген 10 шәкіртақының бірін жеңіп алған екен.
Гүлсім Шымкент ауданындағы Тамерлановка ауылындағы жалғыз дәрігер болды. Медициналық көмек көрсетумен қатар жергілікті әйел тұрғындарға арнап акушерлік мектеп ашқан, түрлі медициналық сабақтар өткізген. “Жүкті әйелдердің физиологиясы” курсын жүргізген. Халықтың гигиеналық, медициналық сауатын ашу үшін газеттерде мақала жариялаған.
Ол елімізге кесарь тілігін жасауды алып келген және мыңдаған баланы өзі босандырып алған.
1918 жылы Гүлсім Қазан қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман әйелдерінің съезіне делегат болып қатысып, әйелдер құқығын қорғау мәселелерін көтерді.
1922 жылдан бастап Гүлсім Ташкент балалар ауруханасында Аққағаз Досжановамен бірге жұмыс істеген.
Жоғарғы соттың алғашқы әйел төрағасы Нағима Арықова
Фото: Wikipedia
ҚазАКСР Жоғарғы Сотының тұңғыш әйел-төрағасы атанған Нағима Арықова да қазақ даласындағы гендерлік теңдік үшін күресті.
Заң саласында жұмыс істемей тұрып, түрлі басылымдарда қызмет кеткен. 1920-1930 жылдардағы газет-журналдарда Нағима Арықованың аты жиі кездеседі. Ол жүз шақты мақала жазған. Сол мақалаларын жинақтап, "Өкіл әйелдер не істеу керек?" кітабын жарыққа шығарған.
1926 жылы Мәскеуде өткен жұмысшылар кеңесіне Шығыс әйелдерінің атынан барып баяндама жасаған. Сол баяндамасын оқыған кезде ол Клара Цеткиннің назарына ілігіпті.
1927-1932 жылдары Арықова Қазақ өлкелік партия комитетінің мүшесі болды. 1933-1937 жылдары "Әйел теңдігі" журналына басшылық етті, "Теңдік" атты газеттің редакторы болды. Отызыншы жылдары Кремльге Қазақ даласында болып жатқан жантүршігерлік азаптаулар жайлы баяндап, хат жазды.
Нағима әділдік іздей келе, 1930 жылдан бастап заңға бет бұрып, қызметін сот ісі бойынша жалғастырды. Қазақ АКСР Жоғарғы Сотының тұңғыш әйел төрағасы болды. Заң саласында жүріп, әйел құқықтарын қорғауға тырысты.
Сақыпжамал Тілеубайқызы: “Ер мен әйел тең”
Сақыпжамал Тілеубайқызы – мемлекеттік қайраткер, жазушы және журналист. Оның қоғамдық қызметі мен шығармашылық қызметі әйелдердің құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталды.
"Айқап" журналына озбырлықты, зорлық-зомбылықты айыптайтын материалдар жариялаған. Еркіндік, әйел бостандығы, өнер-білім мәселелерін көтерген. Оның "Қазақ қыздарының аталарына", "Мұңдастарыма бір-екі сөз", "Ұзақ күткен үмітім һәм бас адамдарға бір-екі сөз" секілді мақалалары жарияланды.
1911 жылы жарық көрген "Қазақ қыздарының аталарына" деген мақаласында гендерлік теңдікті аңсап жазады.
"Шариғат бұйрығынша, ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе?", – деді ол.
Осы арқылы журналист қыз қазақ қыздарының қалыңмалға сатылғанына іші күйіп, сүймеген адамына еріксіз ұзатуды сынға алады, қыз-келіншектердің қалған өмірі қорлықта өтетінін өкінішпен айтты. Одан бөлек "Қазақ қыздарына", "Қыз батасы" сынды өлеңдері жарияланды.
Қазақ даласындағы алғашқы феминистік ереуіл
1907 жылы 18 наурыз күні Семейде алғашқы феминистік көтеріліс болды. Мұнда әйелдер құқықтарын талап етіп, ерлермен бірдей жалақы беруді сұрайды. Көтерілістен кейін 22 наурызда еңбек етіп жүрген әйелдер қауымының жарғысын талқылау үшін жалпы қалалық жиын өтті.
Мұндай жиындар мен съездер жиілей түсті. Араға он жыл салып, көктемде Қазан қаласында мұсылман қыз-келіншектердің құрылтайы өтеді. Бұған Гүлсім Асфендиярова қатысты.
Дәл сол жылы Орынборда Алаш Орда конференциясы өтіп, мұнда әйелдердің құқығына қатысты біршама заңдар қабылданады. Соның ішінде ең бірінші қойған талап – ер мен әйелдің саяси теңқұқылы болуы. Одан кейін 16 жасқа дейін қызын тұрмысқа беруге, әмеңгерлік пен қызды еркінен тыс тұрмысқа беруге тыйым салынып, полигамияға шектеу қойылды. Неке де, бірнеше әйел алу да тек екіжақты келісіммен жасалуға рұқсат берілді.
Бүгінде қазақ қыздарының барлық құқыққа ие, білім алуға қолжетімді заманда өмір сүріп жатқанына барша күрескер әйелдердің қосқан үлесі зор. Сара Есова, Аққағаз Досжанова, Ләзиза Серғазина, Шолпан Иманбаева сынды тұлғалардың да есімін біліп жүрген жөн.
Қазақ тарихына өзіндік үлес қосқан жандардың есімі тек 8 наурызда аталмай, жас жеткіншектерге оқу орындарында оқытуға әбден лайық.

"Құжатта бәрі тап-тұйнақтай": Алматылық жігіт жұмыс берушіден өзінің айлығын бірнеше айдан бері ала алмай жүргенін айтып шағымданды
