Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алғашында бір ауыз қазақша сөз білмейтін": CҚО-да көпбалалы ерлі-зайыптылар ағайынды төрт орыс баласын бауырына басқан

Қазақ – ешқашан жетімін жылатпаған халық. Осы ұстанымды негізге алған СҚО-дағы Сулышоқ ауылындағы Нүрсейіттер отбасы 2019 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ағайынды 4 баланы қанаттарының астына алған. Өздерінің 5 ұл-қызымен қоса қазір бұл шаңырақта 9 бала тәрбиеленіп келеді.

“Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырымызға басуды бұрыннан армандағанбыз. Содан арнайы оқудан өтіп, осы балғындармен таныстық. Олар Павлодар облысы Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәрбиеленген еді. Бізге үйренісіп кетуі үшін сол жерге 3 мәрте бардық. Әрине, бірден бәрі жақсы болып кетті деп айта алмаймын. Қиындықтар болды. Сол кездерде үлкен балаларым көмектесіп, қолдады. Бұл балғындардың отбасыға тез сіңісіп кетуі үшін барлығын істеді. Енді міне, 3 жылға жуықтады, қазір өмірімізді бір-бірімізсіз елестете алмаймыз. Бұларды қалай тастап кетті деп таңғаламын. Бұрын түнде жатқан кезде, кеуделерінде өксік бар еді. Қазір жазылды. Енді барлығымыз жұмыла көтеріп, тіршілік қыламыз”, – дейді аналары Сарагүл Бейсебаева.

2017 жылы теріскейге оңтүстіктен көшіп келген Нүркен мен Сарагүл де көпбалалы отбасыдан шыққан. Сондықтан қиындықтардан қорықпаймыз дейді. Екеуі де мектепте ұстаздық етеді. Азын-аулақ мал ұстап, бақша егеді. Балалар қолғабыс етеді екен. Бауырына басқан Әділ, Андрей, Рамиль мен Маргарита шаруадан қашпайды. Керісінше, жаңа нәрсені үйреніп, білуге құштар. Орысша ортада тәрбиеленген олардың тіл үйренуі де машақатты да, қызық болды деп есіне алады балалардың әкесі Нүркен Нүрсейіт.

«Бұларды бағып алғанда бір ауыз қазақша білмейтін. Біз орысша аса қатты сөйлемейміз. Содан төртеуі тілді тез үйренуі үшін орыс каналдардың барлығын өшіріп тастадым. "Балапан” каналын қосып қоямын. Қазақша әндер айттық. Мынау сүт, нан деп бәрін үйреттік. Пандемия басталғанда барлығыз үйде отырдық қой, сол кезде туысқандарымыздың балалары үйге келеді. 10-15 бала ойнап, тез үйреніп кетті ғой. Қазір бәрін біледі. Ауылда сабақты қазақша оқиды. Қазір тіпті оқу үлгерімдері де жақсы. Кейде көшеде көріп қалып, «әкешім» деп жүгіргенде қуанып кетемін», – дейді ол.

Осылай туған ата-аналарынан емес, жылулықты бөгде адамдардан алған бір ананың құрсағынан шыққан төрт балғынның өмірі әп-сәтте өзгерген. Әрине, балғындар тұйықтау. Ол түсінікті де. Сондықтан үлкендерін әңгімеге тарту сәл қиындау. Есін біліп қалған 12-10 жасар Әділ мен Андрей әке-шешелері жайлы естігілері де келмейді. Ең бастысы оларға жаңа отбасылары ұнайды.

«Бауырларымды жақсы көремін. Бәріміз жиналғанда суреттер көріп, уақытымызды қызықты өткіземіз. Қазір үлкен 2 әпкем мен ағам қалада. Сондықтан мен үйдің үлкені ретінде ата-анама көмектесемін. Біз Ерасыл, Андрей үшеуміз кешке таман мал түгендейміз. Жұмыртқа жинаймыз», – дейді Әділ.

Ал егіздер Рамиль мен Рита өлең оқып, ән шырқағанды ұнатады. Олар биыл 1-сыныпты аяқтаған.

«Мен әкемнің қызымын. Анамды да қатты жақсы көремін. Олар өте мейірімді. Менің аға әпкелерім көп. Кез келген мереке, туған күн қызықты өтеді», -дейді балдай тілімен 6 жасар Маргарита.

Балалы үй – базар деген сөз бар қазақта. Шыныменде бұл жанұяның әр күні қуаныш-шатыққа толы. Өзге ұлттың 4 баласын бауырына басқан Нүрсейіт пен Сарагүл оларға тілді ғана үйретіп қоймай, дініміз бен салт-дәстүрлерімізді, тәрбиені де бойларына сіңіруде.

Талқылау