Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

COVID-19 жұқтырған науқасқа алғаш рет тірі донордың өкпесін салды

Жапонияда Киото университетінің ауруханасының дәрігерлері әлемде алғаш рет коронавирус тудырған пневмонияның ауыр түрімен ауыратын науқасқа тірі донордан өкпені сәтті трансплантациялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы аурухананың торакальды хирургия бөлімінің директоры, профессор Датэ Хироши хабарлады. Операция шамамен 11 сағатқа созылды. Әйелге күйеуі мен ұлының өкпесінің бөліктерін трансплантациялады.

Науқас өткен жылдың соңында коронавирус инфекциясын жұқтырған, оның жағдайы біртіндеп нашарлап, екі өкпе де жарамсыз бола бастады. Үш айлық ЭКМО(экстракорпоралды мембраналық оксигенация) емдеу курсынан кейін әйел Киото университетінің ауруханасына жатқызылды.

Қазіргі уақытта науқас пен екі донор өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлердің айтуынша, әйел үш айдан кейін толық сауығады.

"Әлемдегі алғашқы тірі донордан өкпе трансплантациясы өкпенің ауыр зақымдануы бар науқастарды емдеудің перспективалы әдісі болады деп күтілуде", - делінген хабарламада.

Тірі донордан өкпені трансплантациялау басқа зақымдалған мүшелері жоқ 65 жасқа дейінгі адамдарға ғана жасалады.

Бұған дейін осындай 40-қа жуық өкпе трансплантациясы Қытайда, Еуропада және АҚШ-та жүргізілген. Алайда, олардың барлығы ми комасындағы донорлардан алынды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 08 Сәуір, 2021 13:51
Талқылау