Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде танысқан: Із-түзсіз жоғалған павлодарлық жасөспірім Алматыдағы жігітінің үйінен табылды

Павлодар облысының Май ауданының ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қыз Алматыда әлеуметтік желіде танысқан жігітімен бірге болған жерден табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 шілдеде Май ауданына қарасты Жұмыскер ауылының тұрғыны кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткендігі туралы полицияға шағым түсірген. Анасы 17 жастағы қыз 25 шілде күні таңертең үйден кетіп, оралмағанын айтқан.

Осы факті бойынша барлық полиция бөлімшелеріне бағдарлар жіберілді, кәмелетке толмаған қызды іздеуге ауданның барлық тәртіп сақшылары жұмылдырылды.

"Жұмыс барысында жедел уәкілдер жоғалып кетер алдында "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде қыздың жігітпен сөйлескенін анықтады", - деді полицияда.

Жігіттің байланыс деректерін анықтағаннан кейін, тәртіп сақшылары дереу Алматыға жол тартты. 23 жастағы жігіттің тұрғылықты жерінен "қашқын қыз" табылды. Тәртіп сақшылары жастардың әлеуметтік желіде танысып, бірнеше ай бойы хат алмасқанын анықтады.

Жоғалған қыз анасына тапсырылды, ювеналды полиция қызметкерлері мен мектеп психологтары әңгіме жүргізді, сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия осы оқиғаға қызығушылық танытты.

Қыздың анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) және 3-бөлімінің 442-бабы (әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды.

Айта кетейік, екі бап бойынша айыппұл түрінде жаза қарастырылған. Бірінші бап бойынша 10 АЕК мөлшерінде - 27 780 теңге, екінші бап бойынша - 7 АЕК - 19 446 теңге. Материалдар сотқа жіберілді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2020 12:13
Талқылау