Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлеуметтік желідегі фотосына қарап зерттейді": Теріс діни ағым өкілдері жас жеткіншектерді қалай арбайды

Ересек адамнан гөрі балалар мен жасөспірімдерді экстремистік ұйымдарға тарту, лаңкестік әрекеттерге көндіру әлдеқайда оңай. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің жеке тұлғасы әлі толық жетілмей, өмірлік тәжірибесі аз болған соң еріп кету қаупі жоғары. Психолог Stan.kz тілшісіне қандай балалар қауіпті ұйымдарға алданып қалатынын және оның алдын алу үшін не істеу керегін айтты.

Фото: Sabraorg.com

Психолог Мейіргүл Бимағанбетованың айтуынша, жасөспірім кезеңде адам өз орнын таба алмай, түрлі нәрсеге қызығушылық танытады.  

“Жасөспірім шақ – “мен кіммін?” “кім боламын?” деген сұраққа жауап іздеп, өзін таппай жүрген кезең. Өзін жоғалтып қиналады, сол үшін әр нәрсені көруге әуес болады. Алайда бұл қызығушылығын дұрыс емес қолданса, жаман ұйымдардың жетегінде еріп кетуі әбден мүмкін”, – деді сарапшы.

Психолог қазіргі таңда теріс ағым өкілдері балаларды интернет, әлеуметтік желі арқылы арбайтынын, оларды бақылап, кейін манипуляция арқылы қақпандарына түсіретінін айтады. 

“Балалар мен жасөспірімдерді тарту оңайырақ. Сол үшін теріс діни ағым өкілдері түрлі топтарға тіркелген желі қолданушыларының ішінен балаларды іздейді. Содан соң олардың әлеуметтік желісінде тұрған фотоны тексереді. Қанға боялған фото немесе жылаған адамның бейнесі, мұңды немесе көңілсіз цитаталарды басты бетке қойып қойғандарды теріс ағым өкілдері өз құрбаны етіп таңдайды. Бұл жай ғана фото деп ойлағанымызбен, оның астарында үлкен маңызды ақпарат бар. Себебі мұндай фотолар адамның ішкі жай-күйі тұрақсыз екенін көрсетеді”, – дейді маман. 

Сөзінше, интернеттегі құрбанын тапқан соң оны толық зерттейді, қызығушылықтарын анықтайды. Артынша танысып, оған жақын болып, құндылығы бір адам болып көрінуге тырысады. 

“Баланың мұңға батқанын түсінгесін арбаушы оған қолдау көрсетеді, досына айналады. “Менің де басымнан осындай жағдай өтті, мен ғана сені түсіне аламын” деп жалған оқиғалар айтады. Осыны естіген бала ол адамды мұңдасына балап, толық ақтарылуы мүмкін”, – деді ол.

Қандай балалар арбауға оңай көнеді?

Маманның мәлімдеуінше, ата-анасына сенімі жоқ балалар өзгенің ырқына тез көнеді. Өйткені қолдау мен махаббат жеткіліксіз болғандықтан, сырттан қолдау іздейді.

“Ата-анадан көңілі қалған, әкесі немесе анасы жоқ, яғни ана не әке махаббатын сезінбегендер өзгенің қолдауына, назар аударғанына мұқтаж келеді. Сол үшін сәл махаббатын білдірген адамға сеніп қалады. Сондай-ақ қоғамда буллинг көрген, өзіндік қызығушылығы мен хоббиі жоқ, өзіне сенімсіз балалар да тез арбауға түседі”, – деді Бимағанбетова.

Әрі сотқар жасөспірімдер де теріс ағымға тез кіріп кетеді дейді. Себебі оларға мұндай әрекеттер энергия сыйлап, экстримді сезінуге мүмкіндік береді екен. 

Арбаушылар қандай айланы қолданады?

Психолог діни арбаушылардың өте мықты стратег болатынын айтты. Сөзінше, олар жақсы адамның рөліне өте қатты енеді және өздерін барынша мінсіз адам, үлгі ретінде көрсетуге барын салады.

“Теріс ағымға үгіттейтіндер алғашқы кезде балаға барынша мотивация, қолдау береді. Қуыс кеудесіне жамау болып, арқасүйер адамындай болады, “мен көмектесемін, артыңда мен бармын” деп өзіне байлап қояды. Сонымен қатар материалдық жағдайы жақсы, сенімді адам ретінде өзін көрсетеді. Яғни сол кезде ол баланың көзімен үлгілі тұлғаға айналады”, – деді Бимағанбетова.

Айтуынша, теріс ағымға тартатын адамдардың көбінесе мысы басып тұрады және мінезі қаттылау болады. Осы арқылы ол жасөспірімге манипуляция жасайды. 

“Сыни ойлау қабілеті қалыптаспаған, діни сауаты жоқ бала оған тез сеніп қалады. Онымен қоса арбаушыдан құтқарушы кейпін көреді”, – деді ол.

Теріс ағымнан жеткіншекті қалай қорғаймыз?

Маман отбасыдағы атмосфераның өте маңызды екенін айтады. Ата-ана барынша жақын болып, баламен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысу керек дейді. Онымен бірге үйге теріс ағым мен дұрыс ағым туралы тәрбие берілуі қажет екен.
“Баланың өзге ағымға, экстремистік қозғалыстарға кіріп кеткенін бұрын-соңды айтпаған ойларды айтқанынан, ашушаңдығынан байқауға болады. Теріс ағым өкілдерінің арбауына түскен бала басқа адамдардың пікірін мойындамайды және тұйықталып, басқалардан алшақтай түседі”, – деп түсіндірді маман.

Ол баланың теріс ағымға кіріп бара жатқанын сезген кезде мынадай шараларды орындауға кеңес берді.  

“Ондай кезде балаға барынша жақын болыңыз. Сынап, ақылгөйсіп кетсеңіз, ол одан сайын алшақтайды және сізден мүлдем көңілі қалады. Ұрыс-керіссіз ашық әңгімеге көшсеңіз, ол да ашылуы мүмкін. Балаға бірден “теріс ағымға кіріп кеттің” деп айтпаған жөн. Мысалдармен, “досымның ұлы, қызы бір жағдайға тап болыпты” деп келтіріп, мәселені талқылауға болады. Әрі қарай баланың өзінен “сен мұндай жағдайда не істер едің?” деп сұраған дұрыс.  Сол кезде ол бәрін түсініп, дұрыс қорытынды жасауы ықтимал. Одан соң тек сенімді дереккөздерге жүгіну керегін айтып, діни сауатты адамдармен жолықтырған абзал”, – деді психолог. 

Психолог бұдан басқа тағы бірнеше кеңес берді:

  • Баламен сөйлесіңіз. Оның кімдермен араласатынынан, уақытын қалай өткізетінінен және оны не мазалайтынынан хабардар болу қажет;
  • Балаңыздың бос уақытын тиімді етіп ұйымдастырыңыз. Спорт секциялары, мектептегі үйірмелер, қоғамдық іс-шараларға апарып, ойын бөліңіз. Уақыты тығыз болған кезде оның басқа нәрселерге, зиянды әрекеттерге уақыты болмайды;
  • Балаңыз қандай контент көретінін бақылаңыз. Оның қандай бағдарламаларды көретіні, қандай кітаптар оқитыны, қандай әлеуметтік желілерде тіркелгеніне, қандай сайттарға кіретініне назар аударыңыз;Жасөспірімге теріс әсер ететін таныстарымен қарым-қатынасын шектеңіз, оның орнына басқа топпен араласуына ықпал етіңіз;
  • Оның қызығушылықтарын құнсыздандырып, сынап тастамаңыз. Жеткіншек мақтау сөздерге мұқтаж екенін есте сақтауымыз тиіс.
Талқылау