Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастырған павлодарлық блогер жазаланды

Туризм және спорт министрлігі Павлодарда әлеуметтік желі арқылы лотерея өткізген блогердің жазаланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

лотерея

Фото: Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі

"Ведомство қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тұрақты негізде интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп келеді. Нәтижесінде өзінің Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырған павлодарлық блогерге қатысты әкімшілік бұзушылықтар туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар министрлік әкімшілік құқық бұзушылық туралы сотқа тағы 5 хаттама жолдады. Бұдан бөлек 35-тен астам жағдай бойынша хаттамалар дайындалып жатыр", – делінген министрлік берген ақпаратта.

Қазақстан Республикасының "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңына сәйкес лотерея операторы немесе оның агенті емес адамның лотерея өткізуіне тыйым салынады.

Осыған байланысты ведомство азаматтарға заңсыз лотереяны, оның ішінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Еске салайық, жыл басында Жетісу облысының екі тұрғыны әлеуметтік желіде заңсыз лотерея қызметін ұйымдастырғаны үшін жазаланған еді.

Талқылау